Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz - Бүгін «Қайырымды жандар» еріктілер тобы мен бүйрегін ауыстырған Жанель есімді қыздың анасы Ақмарал Жақсылықованың арасындағы сот процессі аяқталды. Сот "Ақмарал Жақсылықова 10 миллион теңгені еріктілер тобына қайтаруы тиіс" деген шешім шығарды.
2016 жылы Алматылық жастар бір бүйрегі істен шыққан Жәнел Жайлауоваға арнап түрлі шаралар ұйымдастырып, нәтижесінде 12 миллион теңгені науқас баланың анасының есепшотына аударған болатын.
Артынша, трансплантация отасы квота арқылы елімізде тегін жасалғаны және донор ретінде Жәнелдің ағасы бір бүйрегін ақысыз бергені белгілі болған. Осыған байланысты еріктілер тобы Жәнелдің анасы Ақмарал Жақсылықовадан берілген соманы кері қайтаруын талап еткен еді.
«Алматыда өте шұғыл отаны қажет ететін он шақты науқас бар. Бұл қаржы сол азаматтарға кетеді. Себебі, Жәнел отандық емханада тегін емделді және келісімшарт бойынша жұмсалған соманы дәлелдейтін түбіртек болмаса жиналған қаржы «Қайрымды жандар» қорының есебіне аударылуы қажет» деп ауру қыздың анасын сотқа берген болатын. Алғашқы сот отырысында Жәнелдің анасы «алты миллион теңгені қыздың еміне жұмсадым» деп есеп түбіртектерін әкелген. Алайда оның өзі өтірік болып шықты», - дейді топ жетекшісі Мәулен Алғазы.
«Алты миллион теңгенің есебін қарап отырып, көбісі өтірік екені анықталды. Оның ішінде бөтен біреудің қан сараптамаларына төленген, дүкеннен ботқа сатып алған секілді түбіртектер күмәнді. Сондай ақ, бұл әйел мемлекеттен тегін ота жасалатынын біліп тұрып, халықтан жылу жинаған. Келісімшартта ақша отаға төленбеген жағдайда кері қайтарылады деген талапты біліп тұрып, қайтарғысы келмейді» , - дейді «Қайырымды жандар» тобының қорғаушысы Жанна Шопатова.
Сот отырысы кезінде халықтан жиналған алты миллион теңге әлі жұмсалмағанын және оны Жәнелдің анасы үйінде ұстап отырғаны белгілі болды.
«Біз аппеляциялық сотқа шағымданамыз. Осы ақша үшін күйеуіммен де ажырастым. Себебі, осы жайт орын алған соң күнде ішіп келеді, құмар ойын ойнайтын болды. Ал қызыма тыныштық керек. Донор болған інісі де ойынқұмар, мен берген ақшаны автоматқа салып ұттырып жіберген. Ал туыстары маған емес, ұлдарына ғана сенеді. Қазір ешкіммен араласпаймыз, Алматыда тұрамыз», - дейді Ақмарал Жақсылықова.
Дереккөз: Nur.kz