Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

ОПЕК отырысынан кейін мұнай бағасы 5 пайызға төмендеді

ОПЕК отырысынан кейін мұнай бағасы 5 пайызға төмендеді

Алматы. 26 мамыр. 7kun.kz - Мамырдың 25-і Венада өткен ОПЕК-ке мүше елдердің отырысынан кейін әлемдік мұнай бағасы 5 пайызға төмендеп, барреліне 51,08 АҚШ доларына жетті. 

ICE мәліметтері бойынша, бүгін Астана уақытымен сағат 8:45 Brent-тің шілдедегі фьючерстері барреліне 51,5 АҚШ долларымен сатылды.

Картель мүшелері мен оған мүше емес елдердің отырысында мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімді тағы да тоғыз айға созу туралы шешім қабылданды. Ал бұл келісімнің қалай жүзеге асырылып жатқанына мониторинг жүргізетін министрлер комитетінің келесі кездесуі биыл шілдеде Мәскеуде өтеді.

Дегенмен, Иранның мұнай министрі Бижан Зангане алдағы бес жылда Иран шикізат өндірісін 20 пайызға арттырып, тәулігіне 5 млн баррельге дейін жеткізетінін айтты. Ол өндіріс көлемінің ұлғаюын жаңа кен орындарының дамуымен және бұрыннан жұмыс істейтін кен орындарының модернизациясымен түсіндірді.

Сонымен бірге CNBC телеарнасына берген сұхбатында Ресейдің энергетика министрі Александр Новак жуық арада мұнай бағасы 2014 жылғы көрсеткішке, яғни барреліне 114 долларға жетуі екіталай екенін айтты.

Халықаралық валюта қорының өкілі Джерри Райстың айтуынша, мұнай өндірісін қысқарту туралы келісім мерзімі ұзарғанымен, АҚШ-тағы шикізат өндірісі көлемінің артуы барлығына кері әсер етуі мүмкін.

Бірақ Wood Mackenzie сарапшылары ХВҚ-дағы әріптестеріне кереғар пікір айтқан еді. Олар егер "ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдер мұнай өндірісін қысқартуды тағы тоғыз айға созуға келіссе, Brent маркалы мұнай 2018 жылы барреліне $55 дейін өсуі мүмкін" деп болжаған болатын.

Похожие материалы