Алматы. 29 мамыр. 7kun.kz - Samsung Pay төлем қызметі Қазақстан нарығына шығуы мүмкін. "Бұл нарыққа шығу туралы жоспар бар. Осыған байланысты жұмыс жүріп жатыр", - деді Samsung Electronics Central Eurasia баспасөз қызметіндегілер.
Компаниядағылардың айтуынша, Қазақстанның банк секторы мен тұтынушылар бұл қызметті қолдануға дайын. Бірақ әзірге аталған сервисті қашаннан бастап пайдалана алатынымыз анық емес. Samsung Pay - бүкіл әлемде тез таралып жатқан сервистердің бірі. Оны Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Испания, Сингапур, Авчтралия, Пуэрто-Рико, Бразилия, Ресей, Тайланд, Малайзия мен Индия елдерінің тұрғындары пайдалана алады.
Бүгінде қазақстандықтар үшін Apple Pay мен PayPal қызметтері қолжетімді. Соңғысы елімізде 2015 жылы алғаш рет жұмыс істей бастады. Сол жылдан бастап, Қазкоммерцбанк Apple Pay қосымшасы арқылы төлем жасау жүйесін енгізді. Өткен жылы АТФ банк те Apple Pay арқылы төлем жасауды қолға алған еді.
«Кредит24» компаниясының маркетинг бойынша директоры Жеңіс Мухиев мұндай қызметтердің даму мүмкіндігі жоғары екендігін айтады. Мысалы, Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, Қазақстанда 14,5 млн адам банк карталарын пайдаланады екен. Ал соңғы бір жылда олардың саны 500 мыңға артқан. POS-терминалдардың да саны 86 мыңнан 115 мыңға жеткен. Ал қолма-қол емес төлемдердің көлемі 2017 жылдың алғашқы үш айында 514,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға көп.
Оның айтуынша, смартфондарды пайдаланушылардың нарығы да артып келеді. Мысалы, Google Survey мәліметтері бойынша қазақстандықтардың 65 пайызы "ақылды" телефондарды пайдаланады екен. Олардың көпшілігі - 25-34 жас аралығындағы азаматтар.