Алматы. 4 сәуір. 7kun.kz – «7-20-25» бағдарламасын іске асыру барысында 60,4 млрд теңгеге 5 085 қарыз берілді. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының отырысында Ұлттық Банктің Төрағасы Ерболат Досаев хабарлады.
Ерболат Досаев Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау шеңберінде ҚР Ұлттық Банкінің экономикалық өсуді және ұзақ мерзімді кредиттеуді қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларды іске асыруды жалғастыратынын атап өтті.
«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде ипотекалық кредиттер алуға берілген өтінімдердің жалпы саны 2019 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша 125,4 млрд теңге сомаға 11 021 болды. Оның ішінде 75,2 млрд теңге сомаға 6 450 өтінім мақұлданды және 60,4 млрд теңгеге 5 085 қарыз берілді», - деді Е. Досаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы агроөнеркәсіп кешеніне 200 млрд теңге, ал өңдеуші өнеркәсіпке 400 млрд теңгеге дейін бөлінетіндігін де айтты.
«ШОБ іске асыратын жобаларды кредиттеуге кемінде 100 млрд теңге жұмсалатын болады. Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Банкі отандық автокөлік сатып алушыларын 5 жыл бойы кредиттеу бағдарламасын іске асыруға 100 млрд теңгеге дейін жұмсайды. Осы жылы 20 млрд теңге бөлінетін болады», - деді бас банкир.