Алматы. 5 ақпан. 7kun.kz – Өткен жылдың шілде айынан бастап «7-20-25» бағдарламасы бойынша серіктес банктер 2 591 өтінім қабылдаған, бұл республика бойынша жалпы көлемнің 40% құрайды, - деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның сыртқы коммуникация департаменті директорының орынбасары Айбар Олжаевтың айтуынша, 1 628 өтінім бойынша (35%) қарыз беру мақұлданып, 17,6 млрд теңгені құрайтын 1 206 несие берілген.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде бастапқы жарнаны азайту үшін, азаматтардың жекелеген санаттары бойынша бюджеттік сала мамандарына тұрғын үй сертификаттарын беру түріндегі жеңілдетілген ипотека беруді субсидиялау тетіктері енгізілген.
Атап айтқанда, өткен жылы Астанада мұғалімдерге, дәрігерлер мен полицейлерге 1 млн теңгелік 100 тұрғын үй сертификаты берілді. Қала билігі бұл тәжірибені жалғастырып, бюджеттік сала жұмыскерлерінің «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алуы үшін оларға 2 мың тұрғын үй сертификатын беруді жоспарлап отыр.
Бағдарлама 2018 жылдың шілде айында басталған болатын.