Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Анар Тауетаева: Нәтиже көрсетпей, елге қайтуға намысым жібермеді

Анар Тауетаева: Нәтиже көрсетпей, елге қайтуға намысым жібермеді

Бүгіннен бастап біз "Шетелдегі қазақтар" атты жаңа жобаны бастаймыз. Шетелге кетіп, жетістікке жеткен қандастарымыздың өмір жолы туралы сұхбаттар топтамасының алғашқы кейіпкері Мәскеудегі "Mega Ice" компаниясының бас директоры Анар Тауетаева болды. Ресейде бірнеше мұз айдынын ашқан қазақ қызының сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Анар ханым, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Өмірбаяныңызды қарап отырсақ Алматы облысында дүниеге келіпсіз.

- Иә, Алматы облысы, Енбекшіқазақ ауданының тумасымын. Ауылдың қызымын.

- Ата-анаңыз бизнесмен, ең болмағанда ауыл әкімі шығар? Жай адамның қызы Мәскеуде компания басқармайтын шығар...

Мен төрт ұлдың ішінде бір қызбын. Ол кісілер төрт ұлдан кейін өмірге қыз келгенде сасып қалған болуы керек (күліп). Мені де ұл мінезді қылып тәрбиеледі. Әке шешем өте қарапайым кісілер. Әкем ауылда денсаулығына байланысты тек қана күзетші болып қызмет істей алды. Анам ұзақ жылдар бойы үйде отырған, үй шаруасындағы кісі. Қазір зейнеткер. Әкеме деген алғысым зор. Мысалы, сағат бес пен сегіздің арасында жаңалықтар болса, "Анар жаңалықтар көрдің бе?" деп мені күнде жаңалықтардың алдына отырғызып қоятын немесе "осындай бір кітап бар, сен неге оқымайсың, бүгін 13-те болсаң ертең 14-ке толасың", деп  ақыл айтып отырды. Сондағы әкемнің ойы "осы қыз жан-жақты болса екен, жаңалықтарды көріп өссе екен" деген ой болуы керек.

- ҚазҰУ-дың журналистика факультетін PR мамандығы бойынша бітіріпсіз. 

- Иә, қоғамен байланыс маманымын.

- Бұл сала несімен қызықтырды?

-Бала кезімнен журналист болсам, сұхбат алсам деп армандадым. 10 сыныпта PR мамандығы туралы кездейсоқ білдім. Көрші қыз Алматыға барып келіп, естігенін айтып берді. Қолында кішігірім кітапша, ішінде PR жайында жазылған екен. Соны оқып өзімше ой түйдім. Негізі сол көрші қыздың көп ықпалы тиді. Ол кезде жаңа технология деген енді-енді айтыла бастаған. Жаңа мамандық деген тренд болды. PR-ға жаңа мамандық ретінде қызығушылығым пайда болды. Тағы сұрастыра келе, осы саланы таңдадым. Маған ұнағаны PR саласының жан-жақтылығы. 

- Ол қыз да қазір PR маманы шығар?

Оны білмеймін. Бірақ бір қызығы ол қыз сол мамандыққа түсемін деп барып түсе алмады да, бір жылдан кейін барған мен түсіп кеттім.

Мамандығыңыз бойынша бірнеше жерде жұмыс істепсіз. Ары қарай да PR-да қала беруге не кедергі болды?

Біз бітірген жылы қазақ тілді PR мамандарына сұраныс аз болатын, мен жұмысқа орналасқан компаниялар PR мамандарын жарнама, маркетинг мамандарымен шатастырып, бізге қойған талаптары да сондай болатын. Сондықтан мен жарнама, маркетинг саласына ауысып кеттім. Сондағы ойым PR саласының маңында болу.

- Кейін Алматыдағы «Мега Айс» компаниясына ауыстыңыз...

Иә, "Мега айс" компаниясына маркетинг және сауда менеджері болып жұмысқа орналастым. Жиналыстарда саудаға қатысты өз ойларыммен бөлісіп отыратынмын. Басшылық соны байқап отыратын көрінеді. Сосын мен ауылдың қызы болған соң, психологиялық тұрғыда Ақтау, Ақтөбе және Шымкент секілді аймақтардағы өкілдермен сөзім жарасып отырды. Ол кісілерді мен бірден түсініп отырдым. Сондықтан болар бастық бір жылдан кейін мені Ақтау, Шымкент қалаларына жиі іссапарға жіберіп отырды. Мен ол кезде жылына бір 20 күн кеңседе отырсам жақсы, қалған уақытымда іссапарда болдым. Бұл жақтарда өкілдіктеріміз жаңа ашылып жатқан. Солардың ашылуы, басқару ісін көріп, жылдам тәжірибе жинадым. Бұл саланың қыр-сырын түсініп, меңгеру қиын болмады.

- "Мега Айс" мұз айдындары қызметін ұсынады ма? 

Иә, дәл солай. Мен үшін ол Қазақстандағы бірден-бір монополист. Қазақстанда Мега айстан басқа мұз айдыны желісінің бастан-аяқ құрылысын салып және жоғары деңгейде басқарып отырған компания жоқ. Біздегі ең басты қойылатын талап ол - сервис. Сол себепті компанияға өте мықты деген жаттықтырушыларды тарттық. Көбісі мұз айдынын жай барып сырғанау деп ойлайды. Мұз айдыны тек қана сырғанау емес, мұз айдыны - ол кішкентай балаларды коньки тебуге үйрету, хоккей мектебі. Біз ашылған 2006 жылдары Алматыда бір-екі жерде ғана кішкентай мұз айдыны болды. Сондықтан "біздің компания халыққа мәнерлеп сырғанау мен хоккейді жақындата түсті" деп сеніммен айта аламын. Менің ойымша, оған дейін ата-аналар балаларын самбоға беретін, күреске берді. Өздеріңіз білесіздер ғой, біздің қазақта қалай екенін. Бізге келген соң қарапайым адамдар балаларын мәнерлеп сырғанауға 4 жастан бере бастады. Мұның өзі үлкен жұмыс.

- Бізде жаңа бір дүниені көрсек, бірден "шетелден келген шығар" деген ой қалыптасады. Бұл компания Қазақстанға қайдан келді, "Мега орталықтарға" қандай да бір қатысы бар ма?

Бірден айтайын, Мега компаниясына ешқандай қатысы жоқ. Бірақ 2006 жылы "Мега" орталығы ашылғанда оның басшылығы біздің басшылыққа "бізде мұз айдынын жасап берсеңдер" деп ұсыныс жасаған. Сосын біздің басшымыз Еуропаға барады, Австралияға барады қандай кемшіліктері бар, жетістіктері бар көреді. Осылайша 2006 жылы Қазақстанға келіп кішкентай 500 шаршы метрлік мұз айдынын ашады. Ашылған кездің өзінде бізде "мектеп ашсақ, дамытсақ, кішігірім жарыстар өткізсек, балаларды спортқа тартсақ" деген ниет болған. Мегада біз тек 500-600 шаршы метр жерді жалдаймыз. Біздің байланысымыз тек қана осыда.

- Мәскеуге кетуіңізге не себеп болды? Амбицияңыз ба, әлде ұсыныстар ма?

Амбиция мүлдем болмады. 2011-2012 жылдары Ресейден өкілдік ашу туралы  ұсыныстар түсті. Олар біздің компанияны ойын-сауық орталықтарындағы кішкентай мұз айдындарын кәсіби тұрғыда басқаратын компания ретінде таныған болуы керек, ең бірінші болып Санкт-Петербургтен мұз айдынын ашу туралы ұсыныс түсті. Бірақ кейін бірінші мұз айдынын Краснодар қаласында, кейін Санкт-Петербург қаласында аштық. Бірақ бір айта кететіні, ол кезде компания республикалық деңгейден федеративтік деңгейге шығуға дайын емес екенін білмеді. Яғни, мынандай деңгейге өту үшін үлкен дайындықпен келуіміз керек екен. Себебі Ресейде талап басқаша.

- Қандай қиындықтар болды сонда? Жалпы Ресей мен Қазақстан нарығының айырмашылығы неде?

Жер мен көктей. Ресейде бәсекелестік пен талап өте жоғары және онда шағын бизнес жүргізу өте қиын. Ресейде біз аймақтық емес Санкт-Петербург пен Мәскеу сияқты басты қалаларына кірдік. Мысалы, Алматыда лагерлерге хабарласып бізге келіңіздер десек, ешқандай мәселе туындамайды. Ал Петербургте лагерге хабарлассаңыз "бізде 8000 музей бар, тұра тұрыңыздаршы" деп айтады. Бәсеке жоғары мұнда.

Екіншіден, сервис өте жоғары деңгейде болуы керек. Біз Санк-Петербургтен Сочиға дейін көлікпен көп мұз айдындарын аралап көрдік. Басшылыққа отырмай тұрып көп нәрсені өзім ұстап көргім келді.

Басқалардың бізден не айырмашылығы бар, соның барлығын зерттей келе біз өз стратегиямызды құрдық. Мен келген жылы мұз айдыны шығын болатын. Ал келесі жылы біз Санкт-Петербург бойынша мұз айдынының алғашқы ондығына кірдік. Осылайша Мега Айс 2015-2016 жылдары табыс әкеле бастады.

- Түсінгенім сіз келгенде Санкт-Петербургтағы "Мега Айс" жұмыс істеп тұрған еді, солай ма?

Иә, 2012 жылдың аяғында ашылған. Мен 2013 жылдың басында бардым. Үш айға барғанмын бес жылға қалдым ғой.

- Басында сізде қалып қоямын деген ой болған жоқ па сонда?

Уақытша барып, қалуға тура келді. Жыладым да, қайтам дедім де, өйткені адамдар бөлек, менталитет бөлек. Бұл жақта заңға сүйенеді, заңды білу керек болды. Жоғарыда айтқандай талаптары жоғары болды. Бір жағынан компания бұл нарыққа шығуға қаржылай дайын емес еді. Сондай көптеген қиыншылақтар болды. Алматыдағы бас кеңсе маған ешқандай көмектесе алмады. Тек қана "шыда" деді. Шыдауға тура келді.

- Жылау демекші, Мәскеу адамның көз жасына сене ме екен, сенбей ме екен?

- Жоқ, ешқашан.

- Ресейде қанша нүктелеріңіз бар және қанша қызметкерді жұмыспен қамтып отырсыздар?

Екі орталығымыз, 50-ге жуық қызметкеріміз бар. Сонымен бірге, көптеген серіктестеріміз бар. Мәскеудің әйгілі ЦСКА-сы бізбен жұмыс істейді. Біздің айдындарды жалдап,  жаттығулар өткізеді.

- Ресейдегі бизнесті ұлғайту жоспары бар ма?  

- Сәуірдің аяғында үлкен көрмеге қатыстым. Сонда байқағаным бізді көбісі біледі екен. Сол көрмеден кейін 7-8 ұсыныс түсті. Соның 3-еуін таңдадық, оның біреуі Мәскеуде. Қазір осы бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

- Ресейде коррупция деңгейі жоғары дейді, бұл қаншалықты рас? Біреуге "шәй-пұл" ұстатуға мәжбүр болған кезіңіз болды ма?

Шыны керек, мұндай жағдайды мен әлі бір рет те кездестірмедім. Маған біреудің ұсынып, мен біреуге ұсынып... Жоқ мүлдем болған жоқ. Сондықтан басымнан өтпеген соң айта алмаймын.

- Ресейдегі Мега Айс желісінің бас директорысыз. Бас директорлар жалпы немен айналысады жұмыста? Таңертең 9-да жұмысқа келгенде ең бірінші не істейсіз?

- Есептерді ашамын. Қай мұз айдыны қанша ақша алып келді соны көремін. Әрине, қалжың ғой. Бас директордың негізгі жұмысы бухгалтерия мен маркетингтен басталады. Яғни мен мұз айдынының жағдайын басқарушылық тұрғыда қандай проблемалар бар, ол неге шешілмеді - барлығын күнделікті бақылап отырамын. Мысалы, динамиканы қараймын, неге біз осы айда аз табыс таптық, келесі айға қандай жоспарымыз бар? Ол жоспарға жету үшін маркетинг не істеп жатыр. Әкімшілер қазір қандай деңгейде? Осының барлығы мен арқылы өтеді.

- Қызметкерлермен қандай қарым-қатынастасыз?

Өте жақсы.

- Мысалы, кейбір жұмыс орнында барлығы әскери тәртіпте. Ал кейбір басшылар еркін режимде басқарады. Сіз осының қайсысын таңдайсыз?

Мен көбіне адам өз ісін алып кетсе екен, ойын толық айту арқылы жұмыс істесе екен деген мақсат қоямын. Яғни демократиялық жолды таңдаймын. Түсінісу арқылы жұмыс істегім келеді.

- Сізге бұл сұрағым бір түрлі көрінуі мүмкін. Бірақ, алдыңызға орыс пен қазақ азаматы қатар келсе, қайсысын жұмысқа алар едіңіз? Екеуінің де, деңгейі бірдей болса немесе қазақтың квалификациялық деңгейі сәл төмен болса...

Мен екеуіне де жұмыс табамын (күліп).

- Бірақ бір ғана вакансия. Дискриминацияға жол бересіз бе дегеніміз ғой?

Әрине, жоқ. Мұнда маған да оңай емес, талай дүниемен кезігесің. Жаңағы сіз айтқандай, бірақ қазақ емес, басқа ұлттар келеді. Ең бірінші кадрлар бөлімі арқылы біліп аламын кім екенін. Маған ең бастысы тәжірибе. Ол біздің компанияға не әкеледі? Біз одан не үйренеміз? Жұмысқа аларда қоятын сұрағым сол. Екі бірдей адам болмайды ешқашан. Өйткені әркімнің өз жолы бар. Мен "бір жолмен" жүріп келген екі адамды көрген емеспін.

Тауетаева: Нәтиже көрсетпей елге қайтуға намысым жібермеді- Анар, өзіңіз ауылдың қарапайым қызысыз. Тіпті, Қазақстанның өзінде жүріп бизнес ашу оңай емес. Ал сіз шетелде жүріп бизнесті дөңгелетіп, дамытып жатырсыз. Бұл жай ғана жолы болғыштық па, әлде таза еңбектің жемісі ме? Мүмкін біз білмейтін себептер бар шығар.

Еңбек және менің түсінгенім қорықпау керек. Адам қорықса артқа қарай шегіне береді. Көп нәрсені жете түсіну керек. Күннің батысы, таңның атысы мәселені шешу туралы ойлансаң бәрі де шешіледі. Өз орнына келеді. Біздің қазақтар өте "гибкий". Көбісі атқа отырып шауып кетеді ғой. Біз қорқақ емеспіз. Маған орыстар "Сіз қорықпайды екенсіз" деп жиі айтады.

- "Гибкий" дегенді қай жағынан ұғу керек?

Біз проблемаға екі-үш қырынан қараймыз. Былай болса қалай немесе мынадай болса ше дегендей. Бір есікке қарап тұрмаймыз.

- Сіздің мына сөзіңіз "қазақтар жалқау" дегенді жоққа шығарып тастады ғой.

Жоқ, мен бұған сенбеймін. Өйткені мына жақтағы қазақтарды көріп ол сөзді мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын. Мүмкіндік берсе, айттым ғой, біздің қазақ атқа отырып шауып кете береді.

- Сонда қазақтар жетістікке жету үшін "комфорт зонадан" шығу керек дейсіз ғой? Жалпы қазақтар өзі "комфорт зонада" отыр ма?

Қазір Алматыға барып тұрамын. Бірақ соңғы екі жылда мен ешкімді "комфорт зонада" көрген емеспін. Оған дейін "анау неге өйтпейді екен, мынау неге бүйтпейді екен" деп ойлайтынмын. Ал қазір жастарды көріп өте риза боламын. Себебі біреуі ағылшын тілін үйреніп жатыр, біреуі мобильдік қосымша ойлап тауып жатады, біреуі жарыстарға қатысып жатады. Мықты. Мен өзімнің айналамдағыларды "комфорт зонада" жатыр деп айта алмаймын. Бәрі өзгеріп кеткен. Дағдарыс өзгертті ма, жоқ заман талабы ма?!

- Мүмкін сіздің араласатын ортаңыз өзгерген шығар, қалай ойлайсыз?

Бәлкім солай шығар. Бірақ ініме де қараймын, оның да ойы басқаша. Қазір мүмкіндік көбейді ғой. Интернеттің арқасында қазір шекара жоқ. Мысалы, сіз бүгін менімен сөйлесіп отырып, ертең Америкадағы біреуден интервью алуыңыз мүмкін.

- Айтыңызшы, жетістікке жетудің қандай да бір құпиясы бар ма?

Бар. Еңбек дейміз, басқа дейміз, бірақ жетістікке жету үшін адамда ең алдымен намыс болуы керек деп ойлаймын. Көбіне намысшыл адамдар іскер болады. Мысалы мені мұнда үш айға жіберсе де, қандай қиыншылықтар болса да, кері шегінуге намысым жібермеді. Намыстанғандықтан күнде құр отырмайсыз, осылайша тәжірибе жинала береді. Намыстың арқасында сіз 10 күнде 100 қадам жасайсыз.

- Қазір көпшілік қазақ мектептерінің білімі төмен деп сынап жатады. Сіз де ауылда білім алдыңыз, жалпы қазақ мектебін бітіріп-ақ жетістікке жетуге бола ма? Өзіңізде "орыс мектебінде оқығанымда ғой" деген ойлар болмай ма?

Оның бәрі бос сөз. Бізде сынауға бәрі шебер. Ол көбіне адамның ойлау қабілеті мен талпынысына байланысты. Мысалы адам бәрін "беске" оқыса да, ойлау қабілеті төмен болса, ол қалалық болсын, ауылдық болсын, бір жерде тұрып қалуы мүмкін. Менің ойымша, ауылдың адамдарында қайта талпыныс көп. Мына депутаттарды алыңыз, президентті алыңыз барлығы ауылды жерден шыққан. Кішкентай ауылдан қалаға, кішкентай қаладан мемлекеттік деңгейге. Соның барлығы талпыныстың арқасында шықты. Мен ол сөзбен келіспеймін.

- Адамына байланысты дейсіз ғой. Бізде елім, жерім деген азаматтардың өзі балаларын орыс тілді мектепке беріп жатады. Сіз балаларыңызды қай мектепке берер едіңіз?

Әрине, қазақ мектебіне беремін.

- Болашақта қайтадан PR саласына оралғыңыз келмей ме? Оқыған салаңыз...

Менің ойымша, Қазақстанда қазақ тілді PR енді ғана бой көтеріп келе жатқан сияқты. Біз бітірген жылдары қазақ тілді PR-ға сұраныс өте аз болды. Бір-екі құрбымыз Астананың прокуратурасына орналасты дегенді естісек, риза болатынбыз. Қазір жағдай басқаша. Қазақ тілді PR өте жақсы дамып келеді. Айтады ғой "никогда не говори никогда". Сондықтан мен бұл саланы тастап кеттім немесе ораламын деп те ештеңе айта алмаймын. Бірақ менің қазір істеп жатқан саламда жетістікке жетіп жатқанымның бір себебі мен бұл саланы өте қатты жақсы көремін. Жалпы адам өз ісін сүйіп істеуі керек. Жұмысына хобби ретінде қараса тіпті жақсы. Онда жетістікке армансыз-ақ жетуге болады. 

- Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Әрине, елге оралғым-ақ келеді. Бірақ біздің қазіргі алдымызға қойған мақсатымыз - Ресейде федеративті желі құру. Қазір екі жерде ашылдық. Үшіншісіне келіссөз жүргізіп жатырмыз. Соны алтыға дейін жеткізіп елге оралу, ал одан арғы мақсатым оқу.

- Қай салада?

Маркетинг саласында.

- Қазақстанға қайта оралайықшы. Бізде жастарға қай салада мүмкіндік көбірек деп ойлайсыз?

Қазір жаңа буын келіп жатыр. 1990-2000 жылғылар. Оларға ақыл кеңес айтудың өзі қиын. Ең бастысы олар үшін шекара жоқ. Қолда интернет, бүкіл әлем қолдарында. Енді олардан кім шығады десек, олардың бірінші ойлайтыны өз-өзіне жұмыс істеу. Қазақстанда қазір "ой, ИП ашып қойдым, үйтіп қойдым, бүйтіп қойдым" дегендер көбейді. Міне, осындай ештеңеден қорықпайтын, өз-өзіне жұмыс істейтін, батыл буын келді бізге. Қазақстанға да, Ресейге де. Қазір жастар мүлдем басқа.

- Енді осы жастарға оқуға кеңес ретінде бизнес жайлы бес кітапты атап өтсеңіз.

Маған ең ұнайтыны Маркус Бакингемнің "Сначала нарушьте все правила" деген кітабы бар. Мен осында бәрін креативті тұрғыда көрсететін кітаптарды жақсы көремін. Екінші - Дэн Кеннедидің "Жесткий менеджмент" деген кітабы бар. Оны барлық бас директорлар білуі керек. Сосын Питер Друкердің "Эффективный руководитель" деген кітабы бар. Бәріне белгілі Генри Фордтың "Моя жизнь, мои достижения" деген кітабы өте жақсы. Бесінші кітап  - Калашников  Исай "Жестокий век". 

- Қазақстандық қандай газет-журналдарды оқисыз, қай телеарнаны көресіз?

Телеарналардан кейде-кейде КТК-ны қараймын. Интернет-басылымдардан Тенгриньюс пен Vласть.kz екеуін оқимын. Алматыға барғанда "Айқынды" алып оқимын. "Айқын" біз оқу бітіріп жатқанда шықты-ау деймін, сол үшін өзіме ыстық.

Похожие материалы