Алматы. 26 маусым. 7kun.kz - Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстандағы ұзақ мерзімді серіктесі болып табылатын «КМF» микроқаржылық ұйымына 3,5 млрд. теңге ($11 млн.) көлемінде кредиттер бөлді.
Кредиттік келісімге ЕҚДБ Президенті Сэр Сумо Чакрабарти мен КМF Басқарма Төрағасы Шалқар Жүсіпов қол қойды. «Біз арулардың басқаруындағы шағын кәсіпорындар мен компанияларға қолдау көрсету үшін KMF-пен бірлесе жұмыс жүргізгеніміз үшін өте қуаныштымыз. Біздің KMF-пен көп жылдар бойы жүргізілген серіктестігіміздің нәтижесінде осы жобаның негізі қаланды, нәтижесінде Қазақстандағы әйел кәсіпкерлігі алға жылжып, шағын және кіші компаниялар қолжетімді қаражатқа қол жеткізіп отыр», - деді Сэр Сума Чакрабарти.Кредит кіші және шағын бизнесті қаржыландыруға екі бағдарламаға бағытталған: 1) «Бизнестегі арулар» бағдарламасы бойынша кредит беру 2 млрд. теңгеге ($6,6 млн.) жуық қаражат; 2) Кіші, шағын және орта бизнес бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңге ($4,4 млн.)
«Бизнестегі арулар» бағдарламасын ЕҚДБ мен Қазақстан Республикасының үкіметі бірлесе қаржыландырады. Бағдарлама әйел кәсіпкерлер басқаратын кіші және шағын кәсіпорындарға қаржыландыруды, ноу-хау және кеңестер ұсынады. Бір жыл бұрын «Бизнестегі арулар» бағдарламасы бойынша 3,8 млрд. теңге көлемінде KMF-ке берілген қаражат табысты игеріліп, әйел-кәсіпкерлерге 9 798 кредит берілген болатын.
Шағын, кіші және орта бизнес бағдарламасы - Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі маңызды бағдарламалардың бірі. 160 мыңға жуық кәсіпкер-клиенттері бар Қазақстандағы аса ірі микроқаржылық ұйым болып табылатын KMF компаниясы - бағдарламаның басты серіктесі. Берілген қаражат қазақстандық кәсіпкерлерге, әсіресе республикамыздың шалғайдағы ауылдарындағы шағын кәсіп иелеріне қолжетімді микрокредит алуға мүмкіндік береді.