Астана. 29 маусым. 7kun.kz - Елімізде «Қазақстанның медиаодағы» қоғамдық ұйымы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды 24.kz.
Отандық ақпарат айдынындағы жетекші компанияларды топтастырып, белгілі журналистердің басын қосқан бірлестік сала жұмысын жан-жақты дамытуды межелі мақсат санайды. Қазірдің өзінде оған отандық бірқатар телеарналар мен басылым жетекшілері құрылтайшы ретінде сайланып, алғашқы жалпы жиыны да өткізілді.
Сол арқылы алдағы мақсат-міндеттер айқындалып, бұқаралық ақпарат құралдарының мүддесін қорғау ісі қолға алынды. Оған қоса одақ үкімет және парламент өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп, БАҚ саласына арналған заң жобасын жетілдіруді көздеп отыр.
Арманжан Байтасов, «Қазақстанның медиа одағы» ҚҰ құрылтайшысы:
– Медиаодақ аясында медиация жөніндегі кеңес құруды көздеп отырмыз. Себебі бұқаралық ақпарат құралдарына арызданушылар қатары көбейіп кетті. Соның салдарынан кейбір медиа компаниялар шығынға ұшырап, журналистер жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан медиация кеңесі әр түрлі дау-дамайларды сотқа дейінгі аралықты шешіп, тараптарды бітімге шақырса дейміз. Бұған қоса жаңа одақ журналистер қауымы үшін тәжірибелік жиындар ұйымдастыруды өз жоспарына енгізді.