Алматы. 26 шілде. 7kun.kz - «Номад-Строй» ЖШС директоры Александр Логвинов 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.
2017 жылдың 25 шілдесінде Сарыарқа ауданы №2 сотында үкім шықты. «А.С. Логвинов ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, мүлкі тәркіленіп, құрылыс жұмыстарымен 10 жылға айналысу құқығынан айырыла отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - деп хабарланған.
Еске салсақ, Логвинов «Есіл ЭК» ТК жосықсыз құрылысшысы бола отырып, 206 азаматтан (инвестордан) сомасы 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырған.
Қазіргі уақытта Астана ІІД Логвиновқа және т.б. қатысты «Future Home Astana» ТК үлескерлерінің ақшасын жымқыру әрекеті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: inform.kz