Шымкент. 15 тамыз. 7kun.kz - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін 209 нысанның 116-cын пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Соның ішінде 1 қыркүйек күні 20 мектеп ел игілігіне берілмек. Аталған 209 инвестициялық жобаның іске асырылуына 64,9 млрд теңге бағытталған. Бұл туралы облыс баспасөз қызметі хабарлады.
Білім беру саласына жалпы 79 (76 мектеп, 1 мектеп-интернат, 2 колледж) нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізуге 31,2 млрд теңге бағытталған, оның ішінде ұлттық қордан – 17,4 млрд теңге қаралып, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 32 мектеп құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге 4 нысан пайдалануға берілген.
Сондай-ақ 2016-2017 оқу жылында облыстағы 94 білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл аудандық, қалалық бюджет есебінен 43 мектеп пен 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстарына 2,6 млрд теңге қаралған. Бүгінгі таңда 45 білім беру нысанының 36-сында күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Қалған 9 нысанда мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.