Энергетика министрі: Қазақстан мен Ресей арасында ақшыл мұнай өнімдеріне қатысты келісім бар
Астана. 22 тамыз. 7kun.kz - 2018 жылдан бастап Қазақстан ақшыл мұнай өнімдерін экспортқа шығаруы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары іске қосылғаннан кейін, Қазақстанды отынның түр-түрімен қамтиды. Ал артылған өнімі Ауғанстан және Орта Азия елдеріне экспортталуы тиіс. Кәсіпорындардың бюджетіне түскен қаражат есебінен жаңғыртуға алынған қарыздар өтеледі.
Ведомство басшысы Шымкент зауыты қазірдің өзінде қара алтынды өңдеуге дайын екенін атап өтті. Ал Атырау мен Павлодардағы кәсіпорындардың жарамдылығы 2017 жылдың қараша айында тексеруден өтеді.
Сонымен қатар министр жаңартылған нысандардың Индустрия 4.0 бағдарламасының стандарттарына сай екендігін алға тартып, зауыттағы жұмыс қоршаған ортаға еш зиян келтірмейтінін мәлімдеді.
"Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында ақшыл мұнай өнімдеріне қатысты келісім бар. Құжатқа сәйкес біз оны сыртқа шығара аламаймыз. Себебі көршілес ел бізге бензин мен дизельдік отынды баж салығынсыз сатып отыр. Біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз іске қосылғаннан кейін, бұл келісімді қайта қарастырамыз",-деді Қанат Бозымбаев.
Мейiрхан Амангелдиев