Астана. 19 қыркүйек. 7kun.kz - 2017 жылдың қаңтар-тамызында өнеркәсіп саласының өсу қарқыны 8,5 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында хабарлады.
Экономикалық өсім шілдеде баяулап 4 пайызды көрсеткен. Ал қазіргі уақытта өсім 4,3 пайызды көрсетті. Сыртқы сауда болса, 3 есе артып, инфляция деңгейі төмендеді.
"Алты саланың төртеуінде жоғары өсім байқалды. Тек ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласының даму көрсеткіші ғана баяулап тұр. Ең көп өсім өнеркәсіпте (8,5%), оның ішінде тау-кен өндірісі - 11,3 пайыз, өңдеу өнеркәсібі - 6,1 пайыз. Бұл соңғы алты жылдағы ең жоғары көрсеткіш", - деді Дәленов.
Экономика вице-министрінің айтуынша, ауыл шаруашылығы маусымда ең жоғары көрсеткішке жетіп, 3,1 пайызды құраса, қазіргі уақытта 1,9 пайызға азайған. Оған себеп өсімдік шаруашылығы көрсеткішінінің төмендеуі. Құрылыс саласы бірінші жартыжылдықта 5,9 пайызға өссе, шілдеде 0,7 пайызға дейін қысқарған. Ал, тамызда 0,1 пайызға дейін азайды.
Қазақстанның көптеген аймақтарында экономикалық көрсеткіш нәтижесі жақсарған. Дегенмен Қызылорда және Маңғыстау облыстарында өнеркәсіп пен құрылыс саласының төмендегені тіркелді. Ал Қарағанды және Алматы облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялар азайғаны байқалды. Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында – құрылыс - 8,6 пайызға, ал инвестициялар - 7,2 пайызға бәсеңдеген.
Мейірім Бақытжанова