Алматы. 30 қазан. 7kun.kz - 2018 жылдан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға, базалық зейнетақы мен жәрдемақы түрлері 6 пайызға өседі, деп мәлімдейді министр Тамара Дүйсенов. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министр Атаулы әлеуметтік көмектің (әрі қарай – АӘК) жаңа сипатын қолданысқа енгізуге қатысты түсініктеме берді.
«Егер қазіргі таңда АӘК табысы күнкөріс деңгейінен 40% төмен адамдар мен отбасыларға қаржылай көмек ретінде берілетін болса, 2018 жылдан бастап жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен 50% төмен отбасыларға берілетін болады. Сонымен бірге, жаңа сипаттағы АӘК - қазіргі таңдағы АӘК, балалар жәрдемақысы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы секілді 3 әлеуметтік төлемнің орнына Бірыңғай жәрдемақы түрінде төленеді. Ең басты ескеретін жайт, жаңа АӘК мөлшері жоғарыда аталған 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасынан жоғары болады. Осылайша, жаңа АӘК тек қана қаржылай жәрдемақы ғана емес, кедейлік деңгейінен шығудың кешенді шарасы болады», - деді ол.
Сонымен қатар, ол зейнетақы мен жәрдемақы түрлерінің өсетіндігін айтады."2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өседі. Базалық зейнетақы, басқа да жәрдемақы түрлері 6 пайызға көбейеді. Осы арқылы, базалық зейнетақыны ескергендегі зейнетақының төменгі мөлшері келесі жылы 49 019 теңгені құрап, орташа дәрежесі 71 333 теңгені құрайды", - дейді министр Тамара Дүйсенова.