Алматы. 22 қараша. 7kun.kz — ЕҚДБ Қазақстанда 2015 жылдан бері іске асып келе жатқан «Бизнестегі арулар» бағдарламасына қосымша қаржы бөледі. Қазақстандағы шағын және орта бизнестегі кәсіпорындардың тең жартысына жуығына әйелдер иелік етеді немесе басқарады.
ЕҚДБ тарапынан 42 миллион АҚШ доллары жергілікті әріптес банктерге шағын және орта бизнесті несиелеуге беріледі. Ал Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрлігі бағдарламаға 8,7 млн АҚШ долларын бөледі. ЕҚДБ әріптес банктермен несиелеу тәуекелдерін жеңілдету үшін жұмыс істейді. Банктердің бірінші шығын тәуекелін өтеу үшін 4,4 млн АҚШ доллары қарастырылған. Сондай-ақ, жергілікті банктерге техникалық жәрдем ұсынылады. Ол әйелдер басқаратын микро, шағын және орта кәсіпорындардың нақты қажеттіліктеріне сай несиелеу және қаржылық өнім жасауға бағытталған.
Бағдарлама барысында мыңнан аса кәсіпкер ару тренинг, семинар, тәлімгерлік курстарына қатысып, ноу-хау, заманауи бизнес машықтарға қол жеткізеді деп жоспарланып отыр. Мұндай жан-жақты көмек олардың кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.
ЕҚДБ Қазақстан бойынша басшысы Агрис Прейманис: «Біз Қазақстанда «Бизнестегі арулар» бағдарламасын жалғастыруға қуаныштымыз. 2015 жылы басталған бағдарлама Орталық Азия аймағында пилоттық жоба ретінде іске қосылған болатын. Екі жыл ішінде бағдарлама елдегі әйелдер кәсіпкерлігінің орасан зор әлеуетін паш етті. Бағдарламаның жалғасын табуы ЕҚДБ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша нәтижелі әріптестіктің нышаны деп айтуға болады», - деді.
«Үкімет бизнесті қолдауға көп көңіл бөліп отыр. Кәсіпкерлікті реттеуді азайтуға бағытталған заң жобасы әзірленді. Тексеру тәсілдері толықтай өзгеріп, ішінара тексерулерді профилактикалық бақылаумен алмастыру ұсынылып отыр. Осы шаралар адал кәсіпкерлердің санын көбейтіп, әйел кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосады деп сенеміз» - деді ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин.
«Бизнестегі арулар» бағдарламасының бірінші кезеңінде ЕҚДБ бес әріптес банк арқылы жалпы сомасы 37 млн АҚШ доллары болатын 12 000 несие берді. 700 аса кәсіпкер арулар бағдарлама ұсынған қаржылық емес қолдауға ие болды.
ЕҚДБ Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі. Осы уақытқа дейін ЕҚДБ Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларына 7,3 млрд еуро инвестициялады.