Алматы. 7 ақпан. 7 kun.kz – Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бүгін парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары осындай шешім қабылдады.
Жалпы отырыста аталған мәселе туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов ұсыным енгізген болатын.
«ҚР Конституциясының 52-бабы 5-тармағына, «ҚР Парламенті және оның депутаттары мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы конституциялық заңының 24-бабы 3-тармағына сәйкес және орнынан түсу туралы өтініш негізінде Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім үшін ұсыным енгізіп отыр», - деді Бақыт Мелдешов.
Бұдан кейін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұрынғы әріптесіне сәттілік тілеп, алғыс хат тапсырды.
«Біздің Мәжілісте көп жылдар Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып жұмыс жасадыңыз. Маңызды заңдарды қабылдауға зор үлес қостыңыз. Сонымен бірге, парламентаралық байланысты нығайтуға да ерекше ықпал еттіңіз. Сондықтан, барлық депутаттардың атынан сізге алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да партиялық қызметте зор табыстар тілейміз», - деді Мәжіліс Төрағасы.
Өз кезегінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев көпшілікке алғыс айтты.
«Бірнеше жыл өте жақсы, қоян-қолтық нәтижелі жұмыс істедік. Сіздердей саясаткерлермен, мамандармен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Екінші жағынан, Мәжілістегі жұмыс мен үшін кәсіби әрі өмірлік мектеп болды. Енді Елбасы біздің партиямыздағы лауазымды қызметке тағайындады. Бұл үлкен жауапкершілік. Елбасының сенімін ақтауға бар күшімді салатын боламын», - деді Мәулен Әшімбаев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!