Алматы. 27 ақпан. 7kun.kz — ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы инвестициялар тартудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. Жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары құрылып жатыр. Барлық деңгейдегі инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді.
Алайда, жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша қолға алынған шараларға қарамастан, шетелдік инвесторлардың жер жерлердегі қандай да бір өзекті мәселелерді шешу бойынша өтінімдер саны азаймай отыр. Бұл проблемаларды инвесторлар Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес аясында және басқа да диалог алаңдарында айтып келеді.
Қазақстанда 145 басымдықты инвестжобадан тұратын тізім анықталды. Оларға тұрақты түрде мониторинг жасалып отырады. Барлық мәселелерді «бір терезе» шеңберінде жедел тәртіпте шешу қажет.
Бақытжан Сағынтаев айтып өткендей, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында ТҰК мен «зәкірлі инвесторларды» тарту бойынша міндет тұр. Сондай-ақ, еліміз үшін Қазақстан мен Қытайдың 51 ортақ жобасын іске асыру аса маңызды.
Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ моноқалаларға инвестициялар тарту мәселелерін көтерді. «Зәкірлі жобаларды» тарту моноқалаларда жаңа өндірістер мен жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуі тиіс.
Сонымен қатар, Премьер-министр облыстардың әкімдеріне инвестициялар тарту мәселелерін қатаң бақылауды тапсырды. Оған қоса, жаңа және іске қосылған жобалардың жұмысының тиімділігі туралы еске салды.
Тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.