Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасы қалай орындалып жатыр?

«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасы қалай орындалып жатыр?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір айдан астам уақыт бұрын Парламент палаталарының бірлескен отырысында өзінің жаңа Бес әлеуметтік бастамасын жариялады. Олар Қазақстан қоғамы арасында кеңінен қолдау тапты, ал ел Үкіметі Президент белгілеген міндеттерді іске асыруға дереу кірісіп кетті.

«Тұрғын үй құрылысының белсенді дамуы аясында соңғы он жылда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі 30 пайызға өсіп, 21,6 шаршы метрге жетті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 10.01.2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес, баспанамен қамту көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек», - деді ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Аталған міндетті табысты іске асыру үшін тұрғын үйді пайдалануға берудің жыл сайынғы көлемін арттыруға жағдай жасау қажет. Осыған орай мүдделі ұйымдармен бірлесіп қолданыстағы тетіктерді жаңарту және жаңа тетіктерді енгізу бойынша ұсыныс әзірленіп жатыр. Барлық тетіктер максималды түрде қолданылатын болады, оның ішінде жеке құрылыс салушылар мен банк секторының мүмкіндіктері де қарастырылады деп көзделген.

Атап айтқанда:

  • «7–20–25» ипотекалық бағдарламасын бекіту және ҚР заңнамалық актілеріне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу;
  • «7–20–25» ипотекалық бағдарламасын іске асыру мақсатында қажетті ережелер мен реттемелерді қабылдау;
  • ҚР Ұлттық банкінің 100 пайыз қатысуымен мамандандырылған ұйым құру;
  • «Нұрлы жер» бағдарламасын, оның ішінде инженерлік коммуникациялардың құрылысын жыл сайынғы қосымша қаржыландыру мәселесін қарастыру;
  • «7–20–25» бағдарламасының нормаларын ескере отырып, тетіктерді түзету тұрғысынан «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған.

«Елбасы атап өткендей, осы мақсаттарға Ұлттық банк 1 трлн теңгеге жуық қаржы тартады, яғни ипотекалық несие сомасы 9,6 млн теңгені құрайтын болса, онда 100 мыңға жуық қолжетімді несие берілуі мүмкін. Біздің есептеулеріміз бойынша бұл 6,7 млн м² тұрғын үй», - деді М. Жайымбетов.

Мәселен, 12 млн теңге тұратын пәтердің бастапқы жарнасы (20 пайыз) 2,4 млн теңгені құраса, қалған 9,6 млн теңгені банк 25 жылға 7 пайызбен береді. Нәтижесінде, ай сайынғы төлем 68 мың теңгені құрайды.

Жалпы алғанда, қабылданған шаралар Мемлекет басшысының «Бес бастамалар» аясында берген тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерін іске асыруға және баспанамен қамту көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүзеге асырылуда, оған өңірлік даму бағдарламалары мен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына қатысты барлық мәселелер біріктірілген. Мемлекет басшысының соңғы тапсырмаларына байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз, онда тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту нормалары қарастырылатын болады» , - деді М. Жайымбетов.

Сәйкесінше «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тұрғын үй несиелері «7–20–25» жаңа бағдарламасының параметрлері бойынша қайта қаралады.

Бұдан өзге, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған «5–5–25» бағдарламасын; «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» несиелік тұрғын үй сатып алуға арналған «5–20–15» бағдарламасын енгізу жоспарда бар. Банк салымшыларына банк шотында кем дегенде 20 пайыз қаражат болған жағдайда, 15 жылға дейінгі несиелік мерзімге 5 пайызбен несие беріледі.

Сонымен қатар, Бағдарлама өзгерістері аясында жергілікті атқарушы органдардың несиелік пәтерлерін тек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары ғана емес, сондай-ақ жеке банктердің клиенттерінің де сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда.

Бұл жағдайлар әкімдіктер салып жатқан бағалық параметрлерге байланысты ипотеканы дамытуға үлкен серпін береді. Бұл өңірлерде 140 мың теңге, Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында — 180 мың теңге (салынып жатқан тұрғын үй 3 айдың ішінде банк салымшыларына өткізіледі және сатылмаған тұрғын үйдің қалғаны — ЕДБ клиенттеріне сатылады).

Аталған бағдарламаға жеке құрылыс салушылардың белсенді қатысуы үшін олардың тұрғызған үй-жайларын жергілікті атқарушы органдар (несиелік тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражат және сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй қаражаты есебінен) сатып ала алады.

Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жолдарын немесе мемлекеттік кәсіпорындардың өздерінің қызметкерлеріне бастапқы жарнамен тұрғын үй қарыздарын беру жолдарын қарастырамыз.

Сонымен қатар, жеке құрылыс салушыларға құрылыс алаңдарын дайындау үшін, біз Қаржы министрлігімен бірлесіп тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникациялар құрылысын қаржыландыруды 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту мәселесін қарастырып жатырмыз.

Похожие материалы