Алматы. 16 сәуір. 7kun.kz - Азаматтық авиация комитеті басшылығы ұшуды орындау ережелеріндегі және нормативтік құжаттардағы жоспарланып отырған негізгі өзгерістермен таныстырып, комитет тарапынан әуе кеңістігін пайдалану бойынша заңды бұзушыларға қатаң шаралар қолдану, тіпті пайдаланушының сертификатын қайтарып алу туралы хабардар етті, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігі.
Ең басты өзгерістердің бірі - жуық арада ұшу биіктігін өлшеу «футтық» жүйеге көшетін болады. Бұл ретте, шағын авиация үшін қосымша сұраулары бойынша метрлік жүйеде ұшуға рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Авиациялық кадрларды даярлау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар берілді. Кейбір мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары толығымен еуропалық стандарттарға сәйкестендірілген.
Сондай-ақ, қатаң есептегі техникалық құжат дубликаттарының берілуіне тыйым салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, барлық азаматтық авиация пайдаланушыларында AFTN тіркелген байланыс жүйесі міндетті түрде орнатылуы керек. Пайдалануға тыйым салынған әуе кемелерінің тізімі тұрақты түрде азаматтық авиация комитетінің веб-сайтында жарияланып, үнемі жаңартылып отырады.