Алматы. 26 сәуір. 7kun.kz - 2018 жылы Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі 1,1 млн тоннаға артып, 16 млн тоннаны құрайтын болады. Бұл туралы сала өкілдерінің басын қосқан жиын барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, енді зауыттарда жөндеу жұмыстарын жүргізудің жаңа тәртібі енгізіледі. Егер бұрын жылда жасалатын қалпына келтіру шаралары 45 күн болса, қазір 20 күнге қысқарды. Ал күрделі жөндеу жұмыстары 3 жылда бір рет қолға алынады. Осылайша өнім көлемі 300 мың тоннаға артып, сапасы жоғарылайды.
«Қазіргі статистика бойынша мұнай өңдеу саласы жыл сайын қарқынды дамып жатыр», – дейді министр.
«Бірінші тоқсанда зауыттарда шамамен 4 млн тонна мұнай өңделді және 2017 жылмен салыстырғанда 9,4% өсім көрсетті. Үш мұнай өңдеу зауытымен шығарылған мұнай өнімдерінің көлемі 2,8 млн тоннаны құрады, яғни 2017 жылғы кезеңмен салыстырғанда 5% ұлғайды. Мұнай экспорты 18 млн тонна құрады, яғни 2017 жылдың сәйкес кезеңімен 5%-ға артық», - деді Қанат Бозымбаев.