Алматы. 15 мамыр. 7kun.kz - Инфляция 2018 жылдың төрт айында 2,2% болды. Бұл 2017 жылғы осындай кезеңдегі көрсеткіштерден төмен. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков бүгін Үкімет отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді.
Ол жылдық инфляцияның 2017 жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда сәуірде 6,5%-ға дейін баяулағанын атап өтті. Осылайша, инфляция деңгейі 2018 жылға арналған 5-7%-дық нысаналы дәлізге сәйкес келеді.
Сонымен қатар, О. Смоляков инфляциялық күтулердің төмендеуі байқалғаны туралы айтты. Халық арасында жүргізілген пікіртерім нәтижелері бойынша бір жыл алға күтілетін инфляцияны сандық бағалау 2017 жылдың соңындағы 7,1% мәннен төмендеп, 6,3% деңгейінде тұр.
«Инфляциялық процестердің төмендеуі және осы үрдістің орта мерзімді перспективада сақталуын бағалау базалық мөлшерлемені төмендетудің негізгі талаптарының бірі болып есептеледі. 2018 жылдың басынан бастап ол үш рет 10,25%-дан 9,25%-ға дейін төмендетілді», - деп түсініктеме берді О. Смоляков.
Қорытындылай келе, ол Ұлттық банктің құралдары бойынша кірістіліктің базалық мөлшерлемеден кейін төмендеп жатқанын айтып берді. Қысқа мерзімді ноттар бойынша орташа алынған кірістілік 2017 жылғы желтоқсандағы 9,27%-дан ағымдағы жылғы сәуірде 8,52%-ға дейін төмендеді.