«Көк-Жайлау» курортының құрылысына жұмсалатын қаржы 200 млн доллардан аспайды
Алматы. 31 мамыр. 7kun.kz - «Көк-Жайлау» туристік жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеушілер құрылыстың құны 200 млн доллардан аспауы керектігін айтады, деп хабарлайды LS.
Almaty mountain resort өкілі Наил Нұров түсіндіргендей, жаңа курортты салу 2020 жылы басталуы мүмкін және 2022 жылы аяқталады.
«Бұқаралық ақпарат құралдары біздің жоба 1,5 млрд долларды құрайды деп хабарлап отыр. Бірақ бұл жалған ақпарат. Бұл көрсеткіш 2012-2014 жылдардағы жобадан алынған. Біз бұл құрылысқа 200 млн доллар жұмсаймыз», - деді Нұров.
Сондай-ақ, ол техникалық-экономикалық негіздеменің (ТЭН) құны туралы жариялады. Оның айтуынша, есептеулерге 195 млн теңге бөлінген. Жалпы алғанда, Көкжайлау жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасына (ескі және жаңа нұсқалар үшін) 3,9 млрд теңге бөлінді. Анықталғандай, барлық қаржы бюджеттен бөлінеді
Жаңа курорт екі аймаққа бөлінеді. Біріншісі - «Алқап». Мұнда негізгі іс-шаралар (базалық станция, 100-250 төсекке арналған қонақ үй, 200 орындық мейрамхана, шаңғы мектебі) орналасқан. Екіншісі - «Күмбел». Ол экотуризм және демалыс аймағы болады.
Айта кетейік, жаңа жоспар бойынша Көк-Жайлауға Медеу арқылы баруға болады. Ол үшін ұзындығы 4,4 км болатын жаңа гондолды жолды салу ұсынылады.