Экономика
Авто
А.Дауылбаев: Банктер күдікті қаржылай операциялары туралы хабарламайды
Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев коммерциялық банктер заңсыз жолмен алынған табысты заңдастырумен күрес кезінде белсенділік танытпайды деп есептейді. Бұл туралы ол заңды, құқық қорғауды және қылмыспен күресті қамтамасыз ету туралы Координациялық кеңестің отырысында мәлімдеді.
"Екінші деңгейлі банктер заңсыз жолмен алынған табысты заңдастырумен күрес туралы заң жобасының талаптарын ескерусіз қалдыруда. Мысалы, БанкЦентрКредиттен 77 млрд теңге қолма-қол ақша алынғанымен, күмәнді операцияны тоқтату туралы бірде-бір рет мәселе көтерілмеген",-деді ол шара кезінде.
Оның сөзінше, өткен жылы екінші деңгейлі 28 банктың тек 8-і ғана күмәнді операциялар туралы хабарлаған. "Қаржы мониторингі комитетінің өзі 2015 жылы 2,6 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған 106 күдікті операцияны тоқтатты. Ал мемлекеттік кіріс комитетінің қылмыстық істер материалына сәйкес аталған кезеңде 136 млрд теңгеден астам қаржы қолма-қол ақшаған ауыстырылған", -деп атап өтті бас прокурор. Соңғы 5 жыл ішінде кәсіпкерлердің қолынан 15 трлн теңге өткен.
Талқылау қорытындысы бойынша, Координациялық кеңес тиісті ұйымдарға арнайы ұсыныстар тастады. Атап айтқанда, мемлекеттік кіріс комитеті жалған кәсіпкерлік фактілері туралы қажетті зерттеулер жүргізіп, күдікті келісім-шарттарды анықтау бойынша шаралар атқаруы тиіс. Сондай-ақ салықтан жалтару және активтерін сыртқа шығаруға қатысы барлардың "қара тізімін" қалыптастыратын еуропалық тәжірибені кеңінен зерттеуге кеңес берілді.
Қаржы мониторингі комитеті банктермен жұмысты күшейтіп, заң талаптарын бұзғандардың жауапкершіліктерін күшейтуі керек. Ұлттық банкке қаржы мониторингін жүргізудің шарттарын қайта қарап, халықаралық "Өз клиентіңді біл" стандарттарын орындау ұсынылды.