Көкшетау. 14 маусым. 7kun.kz - Көкшетауда Ақмола облыстық сотының апелляциялық-қылмыстық алқа төрағасы Жанна Бердіқұлова өлі күйінде табылды. Бұл туралы облыстық ІІД ақпарат таратты.
Бердіқұлованың мәйіті 13 маусымда үйінің жуынатын бөлмесінде табылған. ІІД өкілдерінің мәліметінше, коллегия төрағасы қылқындырып өлтірілген.Жедел шаралар барысында күдікті ретінде Көкшетау қаласының 1985 жылы туған ер адам ұсталды. "Күдікті адам өлтіргені үшін және одан да басқа қылмыстары үшін бірнеше рет істі болған. Сот үкімі бойынша, 2006 жылы сотталған. Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - делінген Ақмола облысының ІІД таратқан ақпаратта.
Марқұмның әріптестері оның жақындары мен таныстарына көңіл білдіріп жатыр. Жанна Бердіқұлова небәрі 46 жаста болған. "Бүгін керемет адамнан айырылдық! Басты сөз - адам! Ол тамаша адам, тамаша әйел, отбасының сүйікті қызы... "Болған" деген сөзді жазу ауыр екен. Ал ол қандай судья еді. Ол біздің жұмысымыздың барлық қырын танитын. Ол еңбек жолын қатардағы қызметкерден бастады. Ол туралы өткен шақта жазған өте қиын... Оны жеке танитынмын... Ол үнемі жас судьяларға көмектесетін, БАҚ-қа сұхбат беріп жүрді.... Ал өткен съезде тамаша сөз сөйледі! Ол істі қарауды жеңілдету мәселесін көтерген! Небәрі 46 жаста еді! Өз ісіне жаны ашитын", - деп жазыпты жоғары сот судьясы Елена Максюта.
Әріптестерінің мәліметі бойынша, Жанна Бердіқұлова Алматыда жерленеді.
Дереккөз: tengrinews.kz