Қытайлық юань Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) валюталық сақтық қорлар қоржынына енуге дайын емес. Бұл туралы АҚШ-тың қаржы министрі Джейкоб Лью мәлімдеді деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.
Оның айтуынша, халықаралық талаптарға сай келу үшін ҚХР әлі де реформалар жүргізілуі қажет. Олардың қатарында қаржылай бақылауды азайту, америкалық және басқа да валюталарға қатысты юань бағамын еркін курсқа жіберу туралы талаптарды атап өтті.
Осыған дейін Германия мен Франция ХВҚ-ның валюталық сақтық қорлар қоржынына юанның енгізілуіне қолдау білдірген еді. Ал ХВҚ-ның басқарушы директоры Кристин Лагард мұндай шешімнің қабылдануы уақыт еншісінде деп мәлімдеді.
Қазір ХВҚ-ның қоржынында АҚШ доллар, еуро, фунт стерлинг және иен бар. Ал Қытайдың экономикасы еуроаймақ пен АҚШ-қа тең болмағанымен, салыстырмалы түрде Жапония мен Ұлыбританиядан алда тұр.
АҚШ бірнеше рет Қытайды қаржылық саясатындағы кейбір элементтері үшін сынға алды. Басты себеп ҚХР үкіметінің юанның айырбастау бағамын төмендетуі болып отыр. Юань еркін конверсиялайтын валюта емес, шетелдегі айналымына шектеу қойылған, оның курсы Қытайдың Халық банкінің реттеуі бойынша өзгеріп отырады.