«Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық студент Данияр Зиябеков Қазкоммерцбанкті сотқа бермекші. Ол бүгін бұл туралы фейсбуктағы жеке парақшасында жазды.
«6-шілдеде #kazkom банктегі "Bolashak card" картамда болған 2500 доллар жоқ болып шықты. (Жалпы АҚШ-та #казком картасында ақша ұстамайтынбыз. Аса қауіпті! Бірақ стипендия түскен уақытта (3 - 5 шілде күндері) мұнда Тәуелсіздік күні болып жергілікті банктер жұмыс істемеді.) Бірден #kazkombank -ке қызметкерлері "мошеннический транзакция" жасалған деп арыз қабылдады. Басында техникалық жағдайдың салдары деген. Кейін ақшаның Алматыда homebank арқылы аударылғанын айтты. Бірақ қандай счет немесе карточкаға аударылғанын білмейді. Тексерістің нәтижесі 45 жұмыс күнінде белгілі болады деді. Кеше қорытындысы шықты. Айтуларынша "ақша тәртіпке сай аударылған,сондықтан ақшаңды қайтармаймыз, біздің кінәміз жоқ" деп отыр. Егер мен өзім аударсам олар ақшаның қайда, қалай аударылғанын білуі керек. Мен #homebank қызметін соңғы рет мамырда пайдаланғанмын. Енді сеніп тапсырған ақшамды сақтап тұра алмай, алаяқтарға қолды еткен #казкоммерцбанк -ті сотқа бермекпін. Шетелде Болашақ беретін стипендиядан басқа кіріс болмағандықтан екі айдан бері материалдық зиян көрдім. Оның да шығынын талап ететін боламын», деп жазады ол. (Автордың мәтіні өзгеріссіз берілді-ред.)
Сондай-ақ ол осы мәселеге қатысты қоғамның, БАҚ көмегін сұраған. Әрі заңгерлерге кеңес беруін өтінген.
Біз өз тарапымыздан Қазкоммерцбанктің баспасөз қызметіне аталған мәселе бойынша журналистік сауалхат жібердік.