Ақтөбе. 25 қаңтар. 7kun.kz - Ақтөбеде дәрі-дәрмек құны күрт өсіп кетті. Оған себеп сырттан әкелінетін препараттардың мемлекеттік талдамадан өтуінің міндеттелуі дейді дәрі-дәрмек сатушылар. Бұл жөнінде informburo.kz хабарлайды.
Өткен жылы міндеттелген арнайы талдамадан соң бағаларға өзгеріс еніп отыр. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес, ел аумағына әкелінетін әрбір препарат мемлекеттік тіркеу кезінде сараптан өткізілуі тиіс.
Жиналғандардың айтуынша, жеткізушілер үшін бұл процедура тегін емес. Тіпті бағасы біраз қымбат десе болады. Нәтижесінде, бөлшек саудада дәрі-дәрмек бағасына әсерін тигізеді. Кейбір дәрілер бағасы тіптен аспандап кеткен.
"Бұрын "Серетид" көпқұрылымды препараты партиясының қауіпсіздігі мен сапасын тексеру процедурасы 1 467 теңге тұрса, бұйрық бекітілгеннен соң қызмет құны 78 мың теңгеден асты", - дейді палата сарапшысы Шынар Жұмашева. Әйтсе де, жергілікті дәрілердің бағасы да өскен.
"Ақтөбенің өзінде өндірілетін мия тамыры өткен жылы 70 теңге тұрса, биыл 330 теңгеден сатылуда. Парацетомол 10-20 теңгеден 60 теңгеге көтерілген. Гормондар бағасы былтыр 2 мыңның шамасында сатылса, осы жылы оның құны 7 мың теңгеге өскен", - дейді дәрі-дәрмек сатушылар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбелік филиалында болған отырыста. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы мәселені шешу жолын қарастырып жатқандығын жеткізді.
Фармацевтикалық және медициналық қызметті бақылау департаменті дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілмеуін қадағалаймыз деп уәде берді. Департамент басшысы Қайрат Сабырдың айтуынша, Қазақстанда барлық дәрілердің тек 20 пайызы ғана өндіріледі.
"Дәрі нарығы бәсекелес ортаның қолында. Нарық бағаларды реттейді. Бірақ, біз мемлекеттік дәріханалар аша алмаймыз. Бүгінде Ақтөбе облысында 324 дәріхана бар. Ірі дәріханаларға бағаны ұстап тұру оңайырақ екені рас", - дейді Сабыр.