Ақтөбе. 2 маусым. 7kun.kz - «Ақтөбе-ақпарат» орталығында өткен брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев журналистерді ерекше өніммен таныстырды. Бұл туралы aktobenews.kz хабарлайды.
— Еліміздің қай түкпіріне барсаң да, өздерінің бренді ретінде түрлі өнімдерді кәдесый ретінде ұсынып жатады. Біз де сондай бір ерекше өнімді жасауды қолға алдық. Шоколадқа оралған жент. Ал тарының отанына айналған Ақтөбе облысында мұндай өнім бұрын болған жоқ, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Арнайы корапта шоколадты женттің 16 данасы бар. Екі түрлі — бірі жүрек пішінде, бірі дөңгелек пішінде. Ақ шоколадқа жаңғақ қосылған жент, ал қара түсті шоколадқа мейіз қосылған жент оралған. Шоколадты жент дейсіз бе, жентті шоколад жейсіз бе, ерекше өнімнің дәмі таңдайыңнан кетпейді. Қорап ішінде кішкентай қатырма қағазда қазақ дастарқанындағы женттің орны, оның жасалуы туралы, оған қоса ақ тарының тасы Шығанақ Берсиев туралы да ақпарат бар.
— Шоколадты жентті шығарып жатқанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары. Той-томалаққа, садақаға жиі тапсырыс береді. Алыстан сыйлы қонақтар келгенде, мемлекеттік мекемелерде, әкімшіліктерде өтетін жиындар үшін де тапсырыстар алып жатамыз. Жақында ақтөбеліктер осы шоколадты жентті Ұлыбританияға апарамыз деп арнайы келіп алып кетті. Болашақта шоколадты жентті қазақылықтың иісі шығып тұратын, сыртында өрнегі бар арнайы қораптарға салып сатуды ойластырып жатырмыз, — дейді шығарушы компания «Кондитерская Ваниль» кондитерлік желісінің өкілі Мария Өтекешова.