БЖЗҚ-ның қаржысын Әзірбайжан банкіне салған Ұлттық банктің экс-қызметкерлері - Ақышев
Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев зейнетақы жинағындағы қаржының неліктен Халықаралық Әзірбайжан банкінің проблемалы облигацияларына салынғаны туралы сәрсенбі күні өткен баспасөз конференциясында айтты.
Оның айтуынша, облигацияларды сатып алу туралы шешімді БЖЗҚ қызметкерлері емес, сол кезде жұмыс істеген Ұлттық банк өкілдері қабылдаған.
"2014 жылдың қазанында БЖЗҚ Халықаралық Әзірбайжан банкінің (ХӘБ) 250 млн АҚШ долларына тең құнды қағаздарын 10 жылға алған еді. Купондардың жылдық пайыздық мөлшерлемесі - 8,5%. Құнды қағаздар оффшордағы арнайы компания арқылы жабық жолмен саудаға шығарылған. Облигацияларды алу туралы шешімді БЖЗҚ қызметкерлері емес, сол кезде Ұлттық банкте жұмыс істеген азаматтар қабылдаған", - деді Ақышев.
Кеше, мамырдың 23-інде, Лондонда Халықаралық Әзірбайжан банкі шетелдік кредиторлармен кездесу барысында қарыздарды қайта құрылымдаудың түрлі жолдарын ұсынған.
Бірінші ұсыныс. 250 млн АҚШ долларына тең ХӘБ-нің қазіргі қарызын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 200 млн АҚШ доллары қылып, 12 жылда 5,125 пайыздық үстемемен қайтару.
Екінші ұсыныс. 250 млн АҚШ долларына тең ХӘБ-нің қазіргі қарызын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 15 жылда 3,5 пайыздық үстемемен қайтару.
Үшінші ұсыныс. 250 млн АҚШ долларына тең ХӘБ-нің қазіргі қарызын Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздары ретінде 7 жылда 3,5 пайыздық үстемемен 250 млн АҚШ доллар етіп қайтару", - деді Ақышев.
Ақышевтің айтуынша, Әзірбайжан банкіндегі проблемалар 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында басталған.
ХӘБ мамырдың 11-інде сыртқы қарыздарын өтеуді тоқтататынын айтты. Ал инвесторларға қарыздарын Әзірбайжанның тәуелсіз қарыздарына айырбастауды ұсынды.