Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Абайлаңыз! Автоалаяқтар қолданатын 7 тәсіл

Абайлаңыз! Автоалаяқтар қолданатын 7 тәсіл

Қолдан автокөлік сатып алудың қатері көп болғанына қарамастан халықтың басым бөлігі қолданыста болған көлікті таңдайды. Қатері дегеніміз бұл нарық алаяқтарға толы. Бұрын олар сатып алу-сату шартын пайдаланатын. Қазір шартпен көлік сататындар сирек. АвтоХҚКО барлық жерде ашылған. Жылдам рәсімдеуге болады. Алайда алаяқтар қарап отырмайды. Ақшаңыз бен көлігіңізді сыпырып алудың заманауи түрін ойлап тапқан. Тіпті олардың кейбірі түрмеде отырып-ақ «көлік сатумен» айналысады. Әрине, жоқ көлікті. Заманауи технологиялар темір торда отырып-ақ жымысқы әрекет жасауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай алаяқтардың торына түсетіндер көп. Мұндайға тап болмас үшін автоалаяқ қолданатын тәсілдер туралы ұсынамыз.

1. Шетелдік сатушы

[caption id="attachment_75587" align="aligncenter" width="650"]алаяқтар Фото: photos-b-kl.kcdn.kz[/caption]

Хабарландыруларда екі, үш есе бағасына төмен сатылып тұрған автокөлікті көріп қалсаңыз, қуануға асықпаңыз. Бұл алаяқтардың ісі болуы мүмкін. Мұндай хабарландырудың астында сатушы дәл қазіргі кезде Қазақстанда еместігін, шетелде екендігін, өзімен e-mail немесе мессенджер арқылы байланысуын сұрайды. Байланысып білсеңіз, сатушы өзінің Қазақстанда уақытша тұрғанын, кетер кезде көлігінің қалып кеткенін, сондықтан көлікті жылдам, арзан сатуға мәжбүр екенін айтып, сенімділік болуы үшін көлік құнының жартысын аударуын сұрайды. «Сізге сенімділік болуы үшін аудару кезінде банк беретін бақылау нөмірін өзіңізге сақтап қойыңыз, мен келген соң машина ұнаса, бақылау нөмірін бересіз, мен сол арқылы ғана ақшаны шешіп ала-аламын, егер сізге ұнамаса ақшаны кері қайтарып аласыз. Бұл туралы банк қызметкерлерінен білсеңіз болады, бұл маған да, сізге де қауіпсіз», деп сендіреді. Ол тіпті Қазақстандағы «досы» арқылы сізге көлікті көрсетуі де мүмкін. Көлік жарқырап тұр, арзан, ақшаны аудару қауіпсіз, құдай берді деуіңіз мүмкін. Бірақ, әлгі «досы» жай ғана сыбайласы. Оларға сеніп ақша аударған сәтте-ақ ақшаңыздан айырылдым деп есептей беріңіз. Неге? Бақылау нөмірі бар емес пе? Әр елдің тәртібі әр түрлі болуы мүмкін. Сіз ақшаны белгілі бір адамның атына аудардыңыз. Ол құжатымен келіп ақшаны шешіп ала-алады. Әрі шетелге ақша аударымдары бизнеске арналмаған. Ақша аудару кезінде төлем түрі дегенге материалдық көмек деп көрсетіледі. Яғни сіз алаяқтарға материалдық көмек көрсетесіз.

2. Картаңыздан ақша ұрлау

[caption id="attachment_75588" align="aligncenter" width="650"]алаяқтар Фото: photos-b-kl.kcdn.kz[/caption]

Алаяқтықтың бұл түрі жақында ғана пайда болды. Бұл жағдайда сатып алушы емес, сатушы зардап шегеді. Сіз көлігіңізді сату туралы хабарландыруды арнайы сайтқа орналастырдыңыз. Сізге клиент хабарласып, басқа қалада тұратынын, көлік сатылып кетпеуі үшін ақша аударып қойғысы келетінін айтады. Сол үшін сізден аты-жөніңіз, картаңыздың нөмірін, жарамдылық мерзімін сұрайды. Әдетте мұндай жағдай кешке қарай болады. Алаяқтар жұмыс уақыты аяқталып қалғанын, банк жабылып кетуі мүмкін екенін, сондықтан тездету керегін айтып асықтырады. Сіз бұдан еш қауіп көрмеуіңіз мүмкін. Өйткені сіз емес, сізге ақша аударады. Адамдардың көпшілігі алаяқтарға тіпті картаның екі жағын бірдей суретке түсіріп, CVV2 (немесе CVC2) кодымен бірге жібереді. Картаның суретін, CVV2 кодты ешкімге жібермеңіз. Алаяқ сіздің картаңыздағы қаражатыңыз арқылы интернет төлем жасап, қызыққа батады. Қазір банктердің көпшілігі төлем қауіпсіз болуы үшін sms-хабарлама жібереді. Алайда алаяқтарға ол да шекара емес. Сізге хабарлама келісімен автокөлігіңізді сатып алғысы келген клиент хабарласып, «сізге ақша аудару үшін нөміріңізге келген цифрларды айтып жіберсеңіз» деуі мүмкін. Ойыңызда түк жоқ, әлгі цифрларды айтып берген сәтте ақшаңыздан айырылып қаласыз. Кейде алаяқтар сізден қажетті ақпаратты ала-алмаса басқа нөмірден банк қызметкері ретінде хабарласып, ақша аударымы келіп тұрғанын, сізге келген хабарламадағы цифрды айтып жіберуін сұрауы мүмкін. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, ешкімге ешқандай мәлімет бермеңіз. Банк қызметкерлерінің сіздің картадағы мәліметтерді сұратуға құқығы жоқ. Ол туралы картаны алған кезде сізге ескертеді. Ақша аударымы үшін картаның бетінде 16 таңбалы сан ғана жеткілікті. Алайда оны да танымайтын адамдарға жібермеңіз.

3. Кепілдікте тұрған автокөлікті сату

[caption id="attachment_75589" align="aligncenter" width="650"]алаяқтар Фото: photos-b-kl.kcdn.kz[/caption]

Қазақстанда кепілдікте тұрған көлікті сату мүмкін емес еді. Өйткені кепілдіктегі мүліктің барлығы полицияның базасына енгізілетін. Енді Қазақстан бірыңғай экономикалық одақтың мүшесі ретінде одақ елдерінен, негізінен Ресейден көлік жиі әкеліне бастады. Алайда Ресейде кепілдікте тұрған көліктердің бірыңғай базасы әлі күнге дейін жоқ болып шықты. Бұл алаяқтар үшін нағыз мүмкіндік. Сіз Ресейден көлік сатып аласыз, есептен шығарасыз, Қазақстанға әкеліп, есепке қоясыз, біраз уақыт жаңа көлікпен жүйткисіз. Алайда күндердің күні сіздің машинаңыздың арестке қойылғаны туралы хабарлама аласыз. Қалайша? Бәрі қарапайым. Ресейде алаяқ автокөлікті кредитке алады, көліктің техқұжаты банкте сақталады. Алайда техқұжаттың жоғалғаны туралы ГИБДД-ға арыз жазып, оның көшірмесін алуға мүмкіндігі бар. Содан кейін Қазақстанға сатады. Немесе Ресейге көлік сатып алуға барып, өзіңіз торға түсесіз. Алаяқ бұдан кейін банкте күдік тумас үшін 3, 4 ай банкке ай сайынғы төлемді жасап отырады. Бұл кезде сіз көлікті рәсімдеп, көрімдік жинап жүресіз. Алаяқ біраз айдан кейін төлемді тоқтатады. Банк борышкерді іздей бастайды. Таппаған соң, көлікке арест қояды. Ал енді бұл жерде біз Ресеймен бірыңғай құқықтық кеңістіктеміз. Қазақстандық жол полициясына сізді тауып алу қиын емес.

Мұндай жағдайда сатып алу кезіндегі барлық құжаттарды сақтап қойсаңыз, жақсы. Көлікті ұрламағаныңызды, сатып алғаныңызды дәлелдеуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл соттың болмауына кепілдік емес. Сотта сіздің сатып алғаныңыз дәлелденсе де, көлікті алып қояды. Сіз көліктен де, ақшаңыздан да айырыласыз. Сондықтан Ресейден көлік сатып алу кезінде оның кепілдікте, арестте тұрған тұрмағанын білу үшін онлайн сервистер арқылы тексеріңіз. Бірақ ол да 100 пайыз кепілдік емес. Көліктің техникалық төлқұжатына қараңыз. Егер ол түпнұсқа емес, көшірме болса кепілдікте тұрғанына сене беріңіз.

Қазақстандық көлікті сатып алу кезінде мұқият болатын нәрсе сатып алу шарты арқылы алсаңыз, тек қана нотариус арқылы, көліктің өз иесінен алыңыз.

4. Есептен шығарылмаған көлікті сату

Хабарландырудан нарықтағы бағасы қымбат, бірақ арзанға сатылатын көлікті көріп қалдыңыз. Хабарласып көрсеңіз иесі көліктің ресейлік немесе қырғызстандық тіркеуде екенін, есептен қалай шығаруды білмейтінін, сондықтан арзанға сататынын айтып, сатып алу шартымен немесе сенімхатпен бере салатынын айтады. Мұндайға алданатындар да бар. «4 млн тұратын Камриді 1,5 млн теңгеге алу деген керемет қой» дейтіндер көп. Бірақ, қуанышыңыз ұзаққа бармайды. Өз атыңызға ауыспаған соң, оның заңды күші жоқ. Иесі кез келген уақытта тартып алуы мүмкін.

5. Тапсырысқа көлік алу

«Көлікті шетелден тапсырыс арқылы жеткізіп береміз» деген хабарландыруды жиі оқуға болады. Алайда мұндай хабарландырудың көпшілігі алаяқтардың ісі. Тіпті ірі компаниялардың өзі ақшаңызды алған соң жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан шетелден көлік алып келіп береміз, алдын-ала жартысын, тіпті одан да аз бөлігін беріңіз десе, бас тартыңыз. Оның үстіне алып келген көліктің қандай жағдайда екенін көзбен көрмей тағы білмейсіз.

6. Техникалық жағынан сәйкес болмауы

[caption id="attachment_75590" align="aligncenter" width="650"]алаяқтар Фото: photos-b-kl.kcdn.kz[/caption]

Алаяқтықтың тағы бір түрі көліктің техникалық жағдайының хабарландыруда айтылған сипаттамадан нашар болуы. Сатып алу кезінде жарқырап тұрған автокөліктің уақыт өте келе сіз ойлағандай еместігі байқала бастайды. Көлік екі көліктен құрастырылған немесе двигателі істен шығайын деп тұрған болуы мүмкін. Хабарландырулардағы қосымша ақша салмайсыз деген жазуға мән бермеңіз. Көлікті міндетті түрде ТЖО-ға апарып двигателін, кузовын, рансмиссиясын, электроникасын тексертіңіз. Әдетте сатушылар ТЖО-ға барудан бас тартып, «асықпай сатамын алмасаң өзің біл», тексертуге уақытым жоқ деуі немесе өзі келісіп алған ТЖО-ға апаруы мүмкін. Дәл қазіргі кезде Қазақстанға ескі көліктер аз кіреді. Ал бұрыннан жүргендерінің арасында сапалысын табу өте қиын. Сондықтан көлік алатын кезде барынша мұқият болыңыз. Егер сапасыз көлікті сатып алып қойсаңыз, сатушыға ақшаны қайтару туралы талап қоя аласыз. Бірақ, бұл теориялық тұрғыдан ғана мүмкін. Автокөлікті сатып алу кезінде көліктің сипаттамасына сай еместігі туралы блімегеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Ауызша дәлел емес. Сондықтан сатып алу кезінде ТЖО-ға кіріп көрсетіп алу маңызды.

7. Жалған немесе бөтен құжатпен сату

Адамдарға көп сену, уақыттың аздығы мен заманауи технологиялар алаяқтарға тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Сіз хабарландырудан бағасы төмен көлік көрдіңіз делік. Қазақстанда бұл көп жағдайда Toyota Camry. Көлік те, иесі де жергілікті. Сөйлесу барысында ол техникалық сипаттамасын, суреттерін WhatsApp немесе мессенджерлердің бірі арқылы жіберуге уәде етеді. Бәрі әдеттегідей сияқты. Алайда сөйлесе келе иесі көлік пен нағыз иесінің басқа қалада жүргенін, көлікті сұраушылардың көптігін, сондықтан сатып алғызың келсе алдын-ала аздаған төлем жасауды сұрайды. Сенімді болуы үшін төлқұжатын, көліктің құжатын сканерлеп жіберуге дайын екенін айтуы мүмкін. Ақшаны электронды әмиянға жіберуді ұсынады. Сіз қашаны аударған сәтте хабарландыру да, алаяқ та жоқ болып кетеді. Ал сізге жіберген құжаттар басқалардың құжаты болып шығады. Сатып алу кезінде көлікті көрмей, тексеріп бағаламай, иесінің кім екенін көз жеткізбей тұрып алдын-ала төлем жасауға асықпаңыз.

Сатып алу- сату кезінде мұқият болыңыз. Ақшаңыздан немесе көліктен айырылып қалу қаупі жоғары.

Похожие материалы