7күннің кезекті қонағы - кәсіпкер, белгілі қолөнерші Жеңісгүл Дүйсенбекқызы. Ол 16 жасынан бастап белінен төмен жұмыс істемей, арбаға таңылып қалған. Бірақ бүгінде ол өмірімен, іс-әрекетімен өзгелерге үлгі болып үлгерді. Қолөнермен айналысып, өз бизнесін ашты. Өткен жылы Синергия университетіне оқуға мүмкіндік алды. Назарларыңызға жас кәсіпкердің сұхбатын ұсынамыз.
Тауарға қажетті шикізат базардан да, Түркиядан да әкелеміз
Ұлттық қолөнерімен айналысып, оны кәсіпке айналдырғаныма биыл 15 жыл болды. Ең алғаш қолымнан шыққан дүниені көршіме сатқанмын. Ол кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу қиын. Қолымнан шыққан дүние бір адамның кәдесіне жарайтынын түсінгендегі сезім бөлек. Қызығушылықпен бастаған кәсібімді кейін ресми түрде бизнеске айналдырмақшы болып, бір жыл бұрын «Ақ отау» деген ЖК бекіттім.
Шыны керек, жеке бизнес ашу кезінде көп қиындық болды. Кейде жәй ғана көрмелерге барғанда да оқыс жағдайлар болып қалатыны бар. Көреалмаушылық осы уақытқа дейін болған, алдағы уақытта да бола береді. Мен ондайға мән бермеймін. Өзімнің дұрыс, адал жолмен жүріп келе жатқанымды және ата-анам мен туыстарымның қолдайтынын білемін. Қалғаны маңызды емес.
Тауарыма қажет шикізатты базардан аламын, кейбірін Түркиядан әкелеміз. Қол астымда екі қызметкер бар. Қазір тапсырыс аз болғандықтан үлгеріп жатыр. Жаз мезгілінде төрт-бес қызметкер болады. Бұл жұмыс шыдамдылықты талап етеді. Әр матаны дұрыс қиып, есептеп, ретпен орналастыру қажет. Ал мұндай төзімді қажет ететін жұмысқа шыдайтын қолөнершілерде жиі табыла бермейді. Жалпы көктем, жаз айларында біздің жұмысымызға сұраныс көп болады. Қазір қыс мезгілі, өліара кезең.
Шетелдіктер үшін де, қазақстандықтар үшін де баға бірдей
«Тұран» университетін «экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша сырттай оқып бітірдім.. Бизнесте әр тиынның есебі болу керек. Ал маған бухгалтер мамандығы ақшаны табуды ғана емес, оны қалай жұмсау керектігін үйретті. Менің тауарларым осы саладағы өзге кәсіпкерлерге қарағанда қымбатырақ екенін білемін. Бағаны сай сапалы түрде жасауға тырысамыз.
Баға матаның сапасы мен ақшасына қарай белгіленеді. Ең қымбат матамыздың бір метрі – 12 500 теңге. Ең арзаны 3000 теңге шамасында. Әдетте тапсырыс алмай тұрып, тұтынушының қалтасы көтере алатын соманы біліп, соған лайық мата алып жасаймыз. Тауарларымыздың сәні, оюы, тігісі бірдей болып, тек матасында айырмашылық болады. Ең арзан тауарымыздың бағасы – 20 000 мың теңге.
Алғашында қолымнан шыққан дүниелерді шетелдіктерге сатамын деген ой болмады. Алғашында елімізге келген туристер ғана қызығушылық танытып, тапсырыс беретін. Қазір Түркия, АҚШ, Франция, тағы да басқа көптеген елдердің азаматтары тапсырыс береді. Соңғы төрт айда Канадаға екі рет ірі көлемде тауар жібердік. Шетелдіктерге де қазақстандық тұтынушыларға белгіленген бағамен сатамын. Маған тұтынушымның ақшасынан бұрын ризашылығы маңыздырақ. Яғни, тауарларымның ішкі және сыртқы нарықтағы бағасында өзара айырмашылық жоқ.
Соңғы 2 жылда жергілікті тұрғындардан тапсырысты көбірек қабылдаймын. Еліміздегі қолөнердің сәнге айналып жатқаны, ұлттық нақыштағы бұйымдардың бағалана бастағаны сезіледі. Менің бұйымдарыма шет елден келіп, тапсырыс беріп отырған адамдарға бағаны асырып белгілегім келмейді.
Қазір шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Алғашында қыз-келіншектерге 20 мың теңге, ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін сабақ бердім. Үйде баламен отырған келіншектерге өзім баратын едім. Ал қазір менен дәріс алғысы келетіндер айына 70 мың теңге төлейді.
Кәсібім жарнаманы қажет етпейді
Бизнесімнің жандануына әсер етуші негізгі фактор – әлеуметтік желі. Ең алғашында «Мой мир» желісіне қолымнан шыққан дүниелерді жүктеп жүрдім. Ол жерде заттарымды ұнатып, тапсырыс бергендер де болды. Қызығы, өзім Фейсбуктен парақша ашпай тұрып, бұйымдары бұл желіде танымал болыпты. Алдағы уақытта қызметкерлер санын 20-30 адамға дейін көбейтсем, интернет-дүкен ашамын. Былтыр осы салаға қызығушылық танытып көріп едім. Жұмыс күші аз болғандықтан аяққа нық тұрып алғанша қажет емес деп шештім.
Тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдаймын. Сайттарда менің жеке контактім бар. Қазір орталықты жарнамалау үшін әлеуметтік желілерді пайдаланамын. Негізі менің жұмыстарыма жарнаманың да қажеті жоқ сияқты. Қазақпыз ғой. Бірінен-бірі естіп, тапсырыс беріп жатыр. Мүмкін қолымнан сапалы дүниелер шығып жатқаннан соң шығар, жарнаманы қажет етпеймін.
Жазда Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысамыз. Алдағы бесжылдықта қыз-келіншектерге арналған ұлттық үлгідегі киімдер шығару жоспарымызда бар. Алдағы уақытта өзінің орталығын ашқысы келетін дизайнерлерге қайтар ақыл-кеңесім - еңбек ету. Кез келген істе төзімділік таныту. Қиындыққа берілмеу. Сонда барлығы болады.
Әңгімелескен Зүбайра Жаманбайқызы