Алматы. 10 мамыр. 7kun.kz - "Адем" сауда орталығында болған өрттің радиусына енбеген корпустардың жалға алушыларының өз мүлкін сақтандыруға қатысты мағлұматтарға қызығушылығы арта түсті. Бұл туралы Мұнай сақтандыру компаниясының (МСК) өнімдерді өндіру басқармасының жетекшісі Асқар Рустанов хабарлады деп жазады LS.
"Қазірдің өзінде өрттен зардап шекпеген "Адем" сауда орталығының корпустарындағы жалға алушылар бізге келіп жатыр. "Адем" кешенімен болған жағдайдан соң басқа сауда үйлерінің өз ғимараттары мен бутиктерін сақтандырудың шарттарымен танысуға қызығушылығы артып келеді. Әрдайым қандай да бір төтенше оқиғадан кейін, ол өрт не болмаса жер сілкінісі болсын, халықтың сақтандыруға қатысты қызығушылығы артады. Әр ірі оқиға сайын осылай болып тұрады", - деп мәлімдеді А.Рустанов.
Сонымен қатар "Евразия" сақтандыру компаниясының атқарушы директоры Шакир Иминов қазақстандық сақтандыру қызметтеріне сұраныс жоқтығының үш себебін атап өтті. "Бұл жалпы алғанда қоғамның төмен сақтандыру мәдениеті, қаржылық құрылым ретінде сақтандыру ұйымдарына деген сенімсіздік, сондай-ақ сақтандыру қызметкерлері жұмысының ақпараттық қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігі. Бұл ретте түрлі тәуекелдерден - ұрлық-қарлықтан, өрт пен су тасқынынан сақтандыру арқылы кез келген бизнесті сақтап қалуға болады, мұндай жағдайларда шығын миллиардтаған теңге болуы мүмкін", - деп түсіндірді Ш.Иминов.
Бұған дейін "Адем" сауда орталығында болған өрттен қанша шығын келгені және кәсіпкерлерге жалға алу төлемдері қайтарылып, несие беру мерзімдері ұзартылғаны туралы жазған едік.