Өртеніп кеткен "Адем" сауда үйінің әкімшлігі дүкендері жанған несие алушылардың төлем уақытын ұзарту туралы банктермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы кешеннің басшылығына сілтеме жасап LS хабарлайды.
"Адем" сауда үйінің әкімшілігі төмендегі шешімдердің қабылданғанын хабарлайды:
1. Жетісу ауданының әкімдігінің қолдауымен сауда орталығының әкімшілігі несие беруші банктермен несие төлеу уақытын ұзарту туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
2. Дүкендердің иелеріне мамыр айына берілген жалға беру төлемін қайтару басталды.
3.Бірінші корпустағы өрттен зардап шеккендерге "Адемнің" басқа корпустарынан жалға беру төлемақысыз уақытша орындар ұсынады.
4. Сауда орталығының жаңадан салынған бірінші корпусында сауда алаңдарын ұсынады. Құрылыс мерзімі анықталып жатыр.
5. Өртеніп кеткен дүкен иелеріне толығымен немесе жартылай шығын қайтарылады. Әрбір жағдайдағы нақты шығын есептелінеді.
6. Жетісу ауданының салық комитеті өрт кезінде зардап шеккен әрбір кәсіпкер қызметін уақытша тоқтатып, арыз жазу арқылы кассалық аппаратты есептен шығара алатындығын хабарлады.
Осыған дейін сауда орталығының саудагерлері банктерден өз кәсібін бастауы үшін ақша алғандарын айтқан еді. Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Халық банкі өрттен зардап шеккен үш кәсіпкерге несие берген. Несиенің орташа көлемі - 10 млн теңге.
Еске салайық, "Адем" сауда орталығы 26 сәуірге қараған түні жанып кетті. Алматы ТЖД-нің хабарлауынша, өрт аумағы 25 мың шаршы метрді құрайды. Өрт толығымен 27 сәуір күні 13:00 шамасында өшірілді.