Алматы. 2 шілде. 7kun.kz – АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) АХҚО-ға 200 компанияны тіркеді. АХҚО қатысушыларының географиясы 20-дан астам елдің, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Эстония, Латвия, Біріккен Корольдік, Италия, Финляндия, АҚШ, Қытай, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Үндістан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркияны қамтиды. Бұл туралы АХҚО баспасөз қызметі хабарлады.
АХҚО қатысушылары банк қызметі, қор нарығы, активтерді басқару, жеке банкинг, ислам қаржысы, кредиттік-рейтингтік қызмет және т. б. салаларда жұмыс істейді.
Қаржылық және қосымша қызметтер көрсететін ең ірі компаниялардың қатарына Қытай құрылыс банкінің филиалы (Қытай), Altyn Bank (Қазақстан), Қытай мемлекеттік даму банкінің өкілдігі (Қытай), Paladigm Capital Pte (Сингапур), Wood and Co (Чехия), Shinhan Investment Corporation (Оңтүстік Корея), Russell Bedford (АҚШ), Renaissance Capital (Кипр), Аналитикалық кредиттік-рейтинг агенттігі (Ресей) кіреді.
АХҚО биржасында өз қызметін Қазақстан, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Еуропадан – брокерлер мен дилерлер жүзеге асырады. Қырықтан астам компания қосалқы қызметтерді, атап айтқанда заңгерлік, аудиторлық, бухгалтерлік, консалтингтік және рейтингтік қызметтерді көрсетеді.