Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек ері: Әрбір тұрғынның, әрбір азаматтың үлкен жауапкершілігі
Алматы. 5 қазан. 7kun.kz - Қазақ қай дәуірде болса да өз тарихын ұмытпаған. Басына түскен қиындықта да, қуанышта да ата-баба рухына сүйенген, дейді Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова 7kun.kz-ке берген сұхбатында.
Ұстаздың айтуынша ежелгі дәстүр бүгінгі заманда жалғасын тауып отыр.
«Оның айқын дәлелі Президенттің Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына барып, медет сұрағаны. Бұл тектен-тек емес, қазақтың хандары мен билерінің, батырлары мен бектері мәңгі мекен тапқан. Сол кездесуде Президентіміз Түркістан облысы тұрғындарымен кездесіп, елдегі және әлемдегі жағдайды саралап айтып берді», дейді Аягүл Миразова.
Қазақстанның Еңбек ері сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде Президентіміз қазақ елінің территориялық тұтастығы мен егемендігін қорғау, оны сақтаудың амалын негізге алғанын атап өтті.
«Тіпті, Меккеге барған сапарында елдің амандығы үшін арнайы дұға жасағаны тағы бар. Әлемде болып жатқан жағдай біздің елімізді бей-жай қалдыра қоймайды. Әрине, ол бәрімізге әсер етеді. Сондықтан да осы қазіргі аумалы-төкпелі заманда алауыздықтан алшақ болып, бірлігімізді, тірлігімізді білдіріп, қолдау көрсетуіміз керек», дейді ұстаз.
Ол сондай-ақ, «Әлемдегі қазіргі алмағайып заманда жүйелі реформаларсыз экономикалық жетістіктерге қол жеткізу екіталай. Сын-қатерлерді еңсеруде жаңа шешімдердің, жүйелі өзгерістердің қажеттігі сөзсіз. Сол себепті, бізде үлкен науқан болғалы жатыр. Бұл – Президенттік сайлау. Демократиялық тәжірибелердің кеңейтілуі және әлеуметтік әділеттіліктің дамуы өркендеуге жетелейтін көптеген реформа іске асып жатыр. Ол өз дәрежесінде іске асу үшін әуелі елдің татулығы мен бірлігі керек. Қазақта «дау көп жерде, жау көп» дейді ғой. Елдегі жаңа бастамаларды тыңдап қана қоймай үлесімізді қосуымыз керек. Мұны мемлекетіміздегі әрбір тұрғынның, әрбір азаматтың үлкен жауапкершілігі деп түсінемін», деп атап өтті.