Нұр-Сұлтан. 10 мамыр. 7kun.kz – «Алтын белгі» алуға қойылатын талаптарды күшейту туралы шешім 2021 жылы тамыз кеңесінде қабылданды. Білім министрі Асхат Аймағамбетов бұйрыққа 10 мамырда қол қойды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Келесі жылдан бастап "Алтын белгіге" 9 сыныптың қорытындысы бойынша ерекше үлгідегі аттестат алған және барлық оқу тоқсандары бойынша 10-11 сыныптарда тек "үздік"бағалары бар оқушылар үміткер бола алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Сондай-ақ үміткерлер НЗМ (Назарбаев зияткерлік мектебі) негізінде математика пәнінен емтихан тапсыруы тиіс.
Министр түсіндіргендей, бұл шара академиялық әділдікті қамтамасыз ету үшін қабылданды. Бұл ретте тапсырмалар НЗМ-ге тапсырушылар үшін де, жалпы білім беретін мектептердің базасында тапсырушылар үшін де бірдей болады.
«Өткен жылы түлектер "Алтын белгінің» рекордтық нәтижесін көрсетті. Бірақ түлектердің белгілі бір бөлігі ҰБТ нәтижелері бойынша төмен балл алды. Осыған байланысты үміткерлерді объективті және транспарентті бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өткізіледі», -деді Асхат Аймағамбетов.
2022 жылы түлектер өз мектептерінің базасында емтихан тапсырады. «Алтын белгіден» бас тарту туралы өтініш жарамсыз саналады. Бүгінгі таңда қолданыстағы талаптарға сәйкес келетін үміткерлер қорытынды аттестаттауды белгіленген тәртіппен тапсыратынын айтты министр.