Айгүл Мүкей "Астана ЭКСПО-2017" ҰК-на жаңа қызметке тағайындалды
11 сентября, 2015
"Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің бұрынғы жектекшісі Айгүл Мүкей жаңа қызметке тағайындалды. Алдағы уақытта ол компанияның маркетинг департаменті директорының орынбасары қызметін атқарады. Бұл туралы Today.kz хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, "Астана ЭКСПО-2017" ҰК-на Ахметжан Есімов келген соң, қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов болған еді.
"Мен Сергей Куяновпен 15 жылдан бері таныспын. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Оның "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясына директор болғанына қуаныштымын. Ол - өз ісінің шебері. Сергей Куянов "Астана ЭКСПО-2017" ҰК қоғаммен байланыс департаментінің директоры болса, мен маркетинг департаменті директорының орынбасары лауазымына тағайындалдым. Біздің бөлім Қазақстанға туристердің назарын аудару мақсатында жұмыс жасайды. Көрме өтетін 93 күннің ішінде PR департаментімен тығыз байланыста боламыз", – деді Айгүл Мүкей.
Сондай-ақ бұл қызметке тағайындалғанмен, БАҚ-пен байланысын үзбейтінін мәлімдеді.
"Өздеріңіз білесіздер, мен "Хабар" телеарнасында ұзақ жылдар қызмет еттім. Телеарнаға қайта оралам деген ойымды жоққа шығармаймын. Жаңа жобалар болып қалуы мүмкін. Өзімді тіпті радиода да сынап көргім келеді", – дейді тележүргізуші.