Алматы. 26 шілде. 7kun.kz – АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның шақыруымен Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Діни сенім бостандығын насихаттау жөніндегі бірінші министрлік конференцияға қатысу мақсатында Вашингтон қаласына барды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Конференция қарсаңында, Қ.Әбдірахманов АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшылығымен, соның ішінде Мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Джон Салливан және 1990-шы жылдардың екінші жартысында АҚШ сенаторы ретінде Жібек жолы стратегиясы форматында ынтымақтастықты дамытуға қатысты бастама көтерген, Діни бостандық жөніндегі елшісі Сэм Браунбэктың қатысуымен бірқатар кездесулер өткізді.
Дипломаттар Қазақстан-АҚШ қатынастары жоғары қарқынмен дамып отырғанын, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы Вашингтонға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды. Министр Қ.Әбдірахманов американдық жетекші компаниялар мен корпорациялардың басшылығымен кездесіп, оларды Қазақстанда бизнес жүргізу үшін жасалып жатқан жаңа қолайлы жағдайлармен таныстырды.
Министр Мемлекет басшысының жүргізіп отырған қазақстандық экономиканы әртараптандыру саясатын ескере отырып, ірі жоғары технологиялық жобаларды іске асыру үшін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, байланыс және IT-технологияларды дамыту салаларында америкалық тәжірибе мен капиталды ауқымды түрде тартуға Қазақстан қызығушылық танытып отырғанына назар аударды. Осы және басқа да көптеген жобалар қазақстандық ресми тұлғалардың АҚШ-қа және америкалық сауда миссияларының Қазақстанға жасайтын алдағы сапарлары барысында әзірленіп іске асырылатын болады.