Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қайырымды іс неге қайырымсыз дауға ұласты?

Қайырымды іс неге қайырымсыз дауға ұласты?

Қазір әлеуметтік желі көмек сұраған хабарландыруға толы. Қиналған соң амал жоқ, көпшілікке үміт артады. Қазақтың қиналғанға қайырылмай кетпейтіні бар. Біреу барын беріп, біреу әлгі хабарландыруды таратып көмектесуге тырысатындар қашанда табылады.

Кейбір азаматтар қайырымдылық ұйым құрып, кейбірі ерікті түрде топ құрып, қиналған жандарға қаржы жинап беруге тырысады.

Екі бүйрегі істемей қалған кішкентай Жанельдің анасы да былтыр көптен көмек сұраған еді. Дәл сол кезде бақытына орай бір топ жастардан құрылған "Қайырымды жандар" тобы кезігіп, Жанельдің бүйрегін ауыстыруға 12 миллион теңге жинаған. Жастар әрбір әрекетін әлеуметтік желі арқылы хабарлап, істеген істеріне есеп беріп отырғандықтан бұл іске куә көп. Елдің бірі суық күнде алма сатып, жүгіріп жүрген жастардың ісіне сүйінсе, бірі кішкентай Жанельдің өмірін сақтап қалатын болдық деп қуанды, тілеу тіледі. 

Алайда Жанельдің бүйрегі ауысқаннан кейін түрлі әңгіме тарады. "Бүйректі ағасы беріпті, 12 миллион теңгені анасы алып, донор болған ағасына да бермеген, емге де жұмсамаған" дегенді оқыдық. Бұл әңгіме кейін басылғандай еді, алайда жақында Жанельдің анасы "Қайырымды жандар" тобының белсендісі  Мәулен Алғазыны сотқа беріпті дегенді естідік. Бұл туралы Мәуленнің өзі әлеуметтік желіде жазды. Бұл қалай деп көпшілік тағы аң-таң болды. Мәселенің мән-жайын білу үшін Мәуленге хабарласқан едік, ол әңгіменің растығын айтты. Кезінде бір мүддені көздеген екі жақ қазір бір даудың басын аша алмай жүрген араз адамдарға айналыпты. Жалпы оқиға неден басталды? Халық қайырымдылыққа деп жинаған қаражат қайда? Кезінде бір қолдың бес саусағындай болғандар неге қазір біріне-бірі тас атып әлек? Оқиғаның жай-жапсарына терең үңілу үшін Жанельдің анасы Ақмарал Есенгелдіқызы мен «Қайырымды жандар» еріктілер тобының белсендісі Мәулен Алғазыға хабарласқан едік. Бағымызға орай осы уақытқа дейін «Айтуға оңай» бағдарламасы шақырса да, елімізге танымал қандай бұқаралық ақпарат құралдары хабарласса да, жауап бермей жүрген Жанелдің анасымен тілдесу, тіпті жүздесу де бізге бұйырды. Редакциямызға өзі келіп, сұрақтарымызға жауап берді.

Дау дауға айналмай тұрып…

Мәуленнің айтуынша Жанельдің Израильде жасалуы тиіс бүйрек трансплантациясына  қаражат жинау 2016 жылдың 21 қыркүйегінде басталған.  Оның айтуынша, "Қайырымды жандар" тобы Жанельге көмектесу үшін  Ақмаралға өздері хабарласқан:

- Ақмарал қызының жағдайын түсіндіріп берді. Яғни, Израильға барамыз, бізге 30 мың еуро керек, сол 30 мың болса, қызымызға донордың бүйрегін салдырып келеміз, сонымен бәрі шешіледі. Қазір екі бүйрегі бірдей істемейді деді.

Бұдан кейін қайырымды жандар WhatsApp мессенджері арқылы Ақмарал жіберген ақпараттың барлығын әлеуметтік желілерге таратып, қайырымдылық акциясын ұйымдастыра бастаған.  Қаржы жиналуы үшін Кивиден әмиян ашқан.

Мәулен айтады: 

- Киви-әмиянды менің нөміріме аштық. Анасының өзінде бұрын киви әмияны болған ол жерде қанша сома барын білмеймін. Бірақ қазіргі уақытта неше түрлі алаяқтар, адамның білместігін пайдаланып, кивидің кодын сұрау дегендей мәселелерден аулақ болу үшін, екіншіден сол жерге түскен соманы өзіміз де біліп отыру үшін, біз анасының рұқсатымен, бірге ақылдаса отырып, менің нөмеріме киви әмиян аштық.

[caption id="attachment_68257" align="alignnone" width="705"] Ақмарал мен Мәулен банктен есепшот ашуға барғанда түсірілген сурет. Дереккөз: Stan.kz[/caption]

Жанельдің анасы айтады: 

- Мәулен маған звондады: «Мен өзімнің атымнан киви шот ашып қойдым» деп. Неге өзіңіздің атыңыздан ашасыз, менің бүкіл Қазақстанға, теледидарларға беріп жүрген өзімнің шотым бар, соны неге ашпайсыз деп едім: «Болды мен ашып қойдым. Маған сене беріңіз» деді Мәулен... Кивиімді де берген жоқ [хабарландыруға -ред.], бір емес екі нөмірім тұрды. Халық банкінің нөмірі тұрды ешқайсысын берген жоқ, - дейді ол.

Қысқасы киви-әмиян ашылған. Қаражат жинала бастаған.

Қайырымдылыққа да кепіл керек...

Қаражат толық жиналған соң оның айналасындағы дау тек өрши түскен. Сондықтан екі жақ "ақылдасып" келісімшартқа отырады. Мәулен Алғазының айтуынша, еріктілер тобы ешқашан қаражатты мұқтаж адамның қолына бермеген екен. Тек дәрісі болса дәрісін, азық-түлік, киім-кешегін сатып алып беріп отырған. Ал мұнда қаражат берілетін болғандықтан келісімшарт жасалған.

Донор мәселесі...

Бүйрек трансплантациясын Қазақстанда жасауға болады. Бірақ донор табу мәселесі қиын. Заң бойынша донорды сатып алуға  тиым салынады. Сондықтан, науқастарға қайтыс болған адамдардың ғана бүйрегін салуға болады. Немесе еріктілердің кездесуін тілейсің… Жанельге ағасы Бақтияр көмекке келіп, бүйрегін беруге келісіпті. 5 желтоқсанда Жанельге бүйрек трансплантациясы жасалады. Бұл кезде "Қайырымды жандар" қажетті соманы жинап болып, Ақмаралға беріп қойған. "Енді ғана жеңілдеп отырған кезімізде, ота жасалған соң 4 күн өтпей Мәулен есеп беру туралы ескерту жіберді", - дейді Ақмарал. Ол операциядан кейін бір жағынан Мәулен Алғазы есеп сұрап (шартта көрсетілген), екінші жағынан басында "тегін көмектесемін", деген қайнысы "жиналған ақшаның жартысын бересіңдер", деп талап қойғанын айтады.

Шартта көрсетілген талаптар неге орындалмады?

[caption id="attachment_68259" align="alignleft" width="305"] Ақмарал мен Мәулен келісім-шартқа қол қойып жатқан сәт. Сурет Алғазы Мәуленнің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.[/caption]

Ақмарал келісімшартта көрсетілген талаптарды орындамауына шарт талаптары орысша жазылғандықтан түсінбегенін, сол кезде қасында болған заңгерлердің де орысшасы шорқақ болғанын айтады.

- Ол өзі менің орысша түсінбейтінімді біліп, екі бет қылып жазып алғанына таң қаламын. Менің айтқанымды бір рет те қоспаған. Мен «ақша Жанельдің еміне, мұқтаждығына қарай жұмсалады» деп  жазыңдар дегенмін, оны да жазбай қойған. Сөйтіп, барлығын өзіне қаратып жазып алып келген, - дейді Ақмарал.

Келісімшарт неге орыс тілінде болды?

Мәулен айтады:

Мемлекетіміздің заңдарында кез келген түсініспеушілік болған жағдайда басымдық орыс тіліне беріледі.  Сол себепті еріктілер тобы ақылдасқан заңгерлер келісімшартты орыс тілінде толтыруға кеңес берді.

Қазір не болып жатыр?

Ақмарал Есенгелдіқызының үстінен өзінің туған қайнысы, Жанельге бүйрегін берген Жылқыбаев Бақтияр мен қаражат жинап берген Мәулен Алғазы арызданған. Бірі бүйрегін бергені үшін жиналған қаражаттан беруді, бірі шарттағы талаптар орындалмағаны үшін қаражатты қайтаруды талап етеді. Ал Ақмарал керісінше Мәулен Алғазының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни, алаяқтық бабы бойынша арыз түсіреді.

«Қайырымды жандардың» талабы қандай?

Бұл тек шетелде жасалатын отаға жұмсалуы қажет, ота елімізде тегін жасалды, ол қаражатты басқа ауру балаларға беруіміз керек.

Ақмаралдың айтары не?

«Мәулен Алғазы қалай табыс тауып отыр?». Бұл сұрақты бізге Ақмарал қойды. Ақшаны Мәуленнен екі ай бойы ала алмай жүрдім. Қызымды ойлап қайғыдан қан жұтып жүргенімде ол өзінің 30-ға толғанын той қылып жасады. Ол еш жерде жұмыс жасамайды. Қандай ақшаға туған күн қылды, отбасын қалай асырап жүр, мен таң қаламын.

Мәулен айтады:

Өз өмірімнен өзгенің өмірін бірінші орынға қойып, бастайын деген бизнес жобаларым тоқтап қалды. Шынымды айтсам үй-ішіме сүйкімім болмай кетті. Бірақ салыстырған кезде кішкентай қыздың көзі мөлдіреп ана дүниеге аттанып кетпесін деген топтың мүшелерінің тілектері тұрған кезде, сол істі басы-қасында жүріп ұйымдастыру маңызды, үйдегі ұсақ-түйек проблемаларға қарағанда деп мен тіпті өзімнің бала-шағамды екі-үш күн қатарынан көрмей кеткен кездер болды. Қазіргі уақытта өзімнің жеке жобаларымды бастасам ба деген ойым әлі де бар. Бірақ мынадай оқиғалардың барысына байланысты толық кірісе алмай жатырмын. Қашан осы процесс толық аяқталып, шешімін табады, сол кезден бастап жеке жобаларыммен айналысамын және "Қайырымды жандар" тобында мүше болуды ары қарай қоғамға жақсылық жасауға тырысуды ешуақытта тоқтатпаймын.

Ақмарал айтады:

Қызым бес қадам да жүре алмайды. Әлсізденіп шаршап қалады. Бірінші операциядан кейін тағы бір операция жасалды. Мен қызыма больницаға құжаттар жинап жүгіріп жүрсем, маған тыныштық бермей ақшаны қайтар деп мазамды ала береді. Мен бір аптада қанша анализ тапсырамын. Өзім жүгіремін соның бәріне. Ауруханаға да көтеріп апарып-әкелеміз. "Операция жасалды, болды" деп жүгіріп кетпейді ғой. Қазір қатты күтім қажет. Диетада отырады. Күніне 9 мезгіл дәрі ішеді.

Қазір Жанельдің жағдайы қалай?

Ақмарал айтады:

Жанельдің бір бүйрегі ғана ауысқан. Ол да әлі ағзаға толық орнығып кетпеді, дәрігерлер салынған бүйректің дұрыс жұмыс істейтініне кепілдік бермей отыр.

[caption id="attachment_68253" align="alignnone" width="1032"] Жанельдің ауруханада жатқан суреті.[/caption]

Редакциядан:

Екі тараптың әңгімесінен түсінгеніміз «Қайырымды жандар» шарт талаптары сақталмай, ота өз елімізде жасалғандықтан Ақмаралға "қаражатты қайтар, басқа мұқтаж жандарға береміз" дейді.

Ал Жанельге бүйрегін берген, Ақмаралдың қайнысы Бақтияр Жылқыбаев "қаражат жиналыпты, маған да көмек керек" дейтін сыңайлы.

Ақмарал сотқа шағымданып отыр.

Ал, кішкентай Жанельдің жағдайы әлі жақсармаған.

Мұндай оқиғадан кейін қайырымдылық жасауға да бетің қайтып қалатындай. Қайырымдылық жасап, басы дау мен соттан арылмай жүргенді кім жақсы көрсін?!

Біз бұл істе біреудікі бұрыс, біреудікі дұрыс деуден аулақпыз. Оны жақында сот шешеді.

Арғысы Жаратушының қолында.

 

Похожие материалы