Алаяқтар телефон арқылы Павлодар облысының тұрғынын 5 млн теңгеге алдап кетті
Павлодар облысы. 31 қазан. 7kun.kz – Интернет-алаяқтар Павлодар облысының тұрғынын 5 млн теңгеге алдап кетті. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шарбақты ауданының полиция бөліміне 58 жастағы ауыл тұрғыны алаяқтық фактісі туралы өтініш білдірді. Өтініш берушінің айтуынша, оның телефонына банк қызметкері ретінде өзін таныстырған ер адам қоңырау шалып, алаяқтар оның атына 5 млн теңге несие алғысы келетінін айтты.
Ауыл тұрғыны мұны жоққа шығара бастаған кезде ер адам оны «банк директорымен» байланыстырды. Қызметкер сыпайы түрде мәселені шешу үшін тек жеке куәлік дайындап, олардың барлық талаптарын орындау керек деп сендірген.
«Әйел оларға сеніп, өзі туралы барлық ақпаратты берді. Банктің мобильді қосымшасын жүктеп алып, біраз уақыттан кейін оның шотына 4,7 млн теңге түскенін көрді. Осы айла-амалды жүзеге асырып, банктің жалған қызметкерлері зардап шеккендерге бұл техникалық жұмыс екенін түсіндіріп, ақша қаражатын бөліп ала бастады. Келесі күні ғана ол интернет-алаяқтықтың құрбаны болғанын және енді несие төлеуге тура келетінін түсінді», – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде.