Алматы. 7 сәуір. 7kun.kz - 7 сәуірде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Алматы-1–Шу учаскесінің екінші темір жол құрылысы» нысанына "Ақтөбе рельс арқау зауыты» ЖШС дайындаған отандық рельс торкөзін төсеу салтанатына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Бұл туралы "ҚТЖ" ҰК" баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз бүгін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен Үдемелі индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының табысты нәтижесін көріп отырмыз. Зауыт өнімі Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызды рөл атқарады және экспорттық әлеуеті зор. Ендігі жерде рельстер отандық өнім өндірушілерден алынатын болады»,- деп атап өтті А. Мамин.
Алматы1 Шу темір жол телімінде 110 шақырымдық магистральдық желі салынады. Қазірдің өзінде белгі беру және байланыс, электрлендіру желілері жасалуда. Жобаның бірінші кезегін, биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Жобаны жүзеге асыру кезінде 1500 жұмыс орны ашылады. Аталмыш жобаның біздің аймақ үшін стратегиялық маңызы зор»,-деп атап өтті Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Алматы1-Шу темір жолының екінші желісі іске қосылған кезде телімнің өткізу қабілеті 2 есеге артады. Жүк пойыздарының жылдамдығы артып, бағдардағы жүру мерзімі қысқарады. Бұл арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетінің өсуіне ықпал етеді.