Алматы. 21 ақпан. 7kun.kz — Алматы облысында 610 балабақша мен 412 шағын орталық жұмыс істесе, соның 70 пайызы жекеменшіктің үлесінде. Балаларды қамту көрсеткіші 95 пайызды құрайды. 2018 жылы бұл көрсеткіш 98 пайызға жетеді. Бұл туралы бүгін облыс тұрғындарының алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты.
А. Баталов атап өткендей, цифрландыру шеңберінде бірінші жартыжылдықта балаларды кезекке қоюдың электронды қызметі енгізіледі.
Сол сияқты облыста мемлекет қолдауының арқасында апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелері шешімін табады. Мәселен, 2017 жылы білім саласының 47 нысанының құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына 25,8 млрд теңге қарастырылған. Соның ішінде, 33 мектеп іске қосылды. Оның 28-і үш ауысымда оқытатын мектептің және біреуі Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы апатты мектептің орнына салынды.
Өңір мектептері компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілген, кең жолақты интернет желісіне 91 пайыз қосылған, мектептердің 97,5 пайызыында цифрлы білім беру ресурстары қолжетімді. Жаңа оқу жылында облыстың 8 мектебі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың пилоттық жобасын бастайды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі