Экономика
Алматы облысында «БЖК-2020» аясында 23 кәсіпкерге қолдау көрсетілді
Талдықорғанда Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің басшылығымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Аймақтық үйлестіру кеңесі өткізіліп, 23 кәсіпкердің жалпы сомасы жарты миллиард теңгені құрайтын өтініші қаралды.
Өтініш бергендер - негізінен мал шаруашылығы, медицина, туризм, сауда, жүк және жолаушы тасымалдау саласында жұмыс жасайтын кәсіпорындар.
Мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындардың ішінде «Dolce» ЖШС, «Centre Nova Diagnostic» ЖШС, «Dostyk Cargo Service» ЖШС, «Дорснаб» ЖШС көпсалалы компаниясы, «КазМалы» ЖШС, «Водолей» ЖШС бар. 17 жеке кәсіпкер несие қаражатына негізгі құрал-жабдықтар мен ғимарат сатып алуды жоспарлауда.
Барлық жобаларға несие бойынша 7-ден 10 пайызға дейін субсидия бөлінбек, сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігі беріледі.
Солардың бірі Ұйғыр ауданындағы «КазМалы» ЖШС герефорд және ангус тұқымды мал басын ұлғайтпақ, ал Алакөл ауданындағы «Dostyk Cargo Service» мекемесі көліктік-логистикалық терминал салуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер Ким Константин Ескелді ауданында жүк тасымалдау саласын дамыту бағытында жеке кәсібін ашуда.
Жалпы, Алматы облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жылдың басынан бастап Аймақтық үйлестіру кеңесі 5,5 млрд. теңге құрайтын 65 жобаны мақұлдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
ҚазАқпарат