Алматы облысы. 10 тамыз. 7kun.kz – Алматыда ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаза болды, деп хабарлайды 7kun.kz.
«5571 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жедел мақсаттағы 1-батальонның жеке құрамы 8-13 тамыз аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу-жаттығу орталығында далалық шығуда болды. 9 тамызда сағат 20.55 шамасында қатты дауыл басталып, жел соғып, тігілген шатырлар қирай бастады. Қатардағы жауынгер А. Н.Шалимов өз әріптестеріне қауіпсіз жерге эвакуациялауға көмектесіп жүрген. Сол кезде шатырдың металл жақтауына басын соғып, жарақат алды», – деп хабарлады Ұлттық ұланнның баспасөз қызметі.
Жауынгерге сол жерде медициналық көмек көрсетіліп, кейін Қонаев қаласындағы медициналық мекемеде жеткізілген. Алайда әскери қызметші ауруханада қайтыс болды.
«Өзінің жанқиярлық іс-әрекеттерімен қатардағы жауынгер А.Н.Шахимов жолдастарын құтқарып қалды. Алайда өзі басынан ауыр жарақат алды», – делінген хабарламада.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, қызметтік тергеу жүргізілуде.
Қазақстан Ұлттық ұланының бас қолбасшылығы мен "Оңтүстік" өңірлік басшылығы қатардағы жауынгер А.Шахимовтың ата-анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
А.Шахимов 2003 жылы туған. 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментімен Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылған болатын.