Алматы. 13 қараша. 7kun.kz — Алматы облысының полиция қызметкерлері «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында мал және ет өнімдерін тасымалдауға, оларды саудалауға қажетті құжаттарды қатаң тексеруге алды, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, арнайы іс-шара 11 қарашада басталды жән 3 күнге жалғасады.
Іс-шараның басты мақсаты - мал ұрлығының алдын алу, бұған дейін орын алған ұрлықтарды ашу. Осы мақсатта облыстық және республикалық жолдар бойында арнайы блок-посттар қойылып, көліктердің мал тасымалдауға қажетті құжаттарын тексеріліп жатыр.
«Бір күн ішінде мал және ет өнімдерін тасымалдаушы 80 жуық көлік тексеріліп, 17 жүргізушінің тиісті құжаттары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, 25 мал сату орны мен 30 астам ет өнімдерінің дүкені тексерілді»,- деді полиция департаментінде.
Арнайы шара барысында бұған дейін болған 16 қылмыс ашылған. Оның 4 дерегі бұрынғы жылдар санатына жатады. Мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген 3 қылмыстық топтың мүшелері ұсталған.
«Алматы облысының тәртіп сақшылары 10 ай ішінде қажетті құжаттар жоқ болса да мал тасымалдаудың 656 дерегін анықтаған. Жүргізушілерге 8 миллион 92 мың теңгенің айыппұлы салынды. Биыл рейд кезінде Еңбекшіқазақ ауданында мал ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топ ұсталып, барымташылар тобынан 40 жылқы тәркіленген»,- деп толықтырды полицейлер.