Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматы облысында мектеп түлектері «Saty.Bilim.Tulek» жобасын іске қосты

Алматы облысында мектеп түлектері «Saty.Bilim.Tulek» жобасын іске қосты

Алматы. 1 желтоқсан. 7kun.kz - Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы орта мектептің 2000 жылғы түлектері «Saty.Bilim.Tulek» жобасының таныстырылымын өткізді.

Жоба аясында ауылдың ақпараттық-танымдық iSaty.kz сайты ашылып, мектеп түлегі, білікті дәрігер  Қуаныш Ендеев атындағы стипендия тағайындалды. Сондай-ақ, мектеп оушыларына білім, мамандық таңдау туралы дәріс өткізілді. 

Мектеп түлектері бұл жобаны сыныптастары Ендеев Қуаныш Жеңісұлын еске алып, ол бастаған игі істерді жалғастыру мақсатымен қолға алған.

«Ауылымыз туристік өлке ретінде қарқынды дами бастады. Бірақ, ауыл туралы интернетте ақпарат табу қиын. Сондықтан арнайы ашылған сайтқа, оған ауыл туралы барлық ақпаратты топтастырамыз. Және бұл жұмысқа мектеп оқушыларын тартамыз. Әр ай сайын сайтқа контент дайындап, көмектескен ең үздік 3 оқушыға сыныптасымыз Қ.Ендеев атындағы стипендияны беріп отырамыз», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Ендеев Қуаныш Жеңісұлы 1983 жылы Кеген ауданы, Саты ауылында дүниеге келген. А.Түркебаев атындағы орта мектептің түлегі.  2006 жылы С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің педиатрия мамандығын,  2007 интернатураны тәмамдаған. 2009 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің қаржы факультетін бітірген. 2013 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру  институтының қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша бітіріп, Денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алды. Қазақстан, Кореяда түрлі біліктілікті жетілдіру курстарынан өтті. 

Еңбек жолын әскери госпитальда аға мейірбек болып бастап, кейін «Гүлдала» дәрігерлік амбулаториясына дәрігер-педиатр, «Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына» дәрігер-педиатр, дәрігер-невропотолог, хирургия бөлімінде дәрігер нейрохирург, КТ дәрігері болып қызмет істеді. Болашағынан үлкен үміт күттерген азамат 2017 жылы қайтыс болды.

«Қуаныш өмірге, білімге құштар жан еді. Ол бастаған істер мен еңбегін жалғастыру мақсатымен өзі түлеп ұшқан мектеп оқушыларына бүгінгі заман талабына сай болуы үшін бағыт-бағдар беріп, Қуаныштың атындағы стипендияны тағайындадық», - дейді сыныптастары.

Қ.Ендеев атындағы стипендияны оқу жылының соңына дейін  А.Түркебаев атындағы орта мектептің 12 оқушысы алады.

Жобаның үшінші бағыты аясында мектеп оқушыларына білім, медиа, коммуникация тақырыбына дәріс өткізілді. 

«Болашақта адамдардың адамдармен бәсекесінен гөрі жасанды интеллект, роботтармен бәсекеге түсетіні анық байқалады. Қазір әлем ауқымды трансформация кезеңіне аяқ басты. Дамыған елдерді айтпағанда біздің қоғамда оның көріністері анық байқалады. Алдағы 5-10 жыл көлемінде мұны анық сеземіз. Сондықтан басты құндылық білім болады. Қазірден соған бейімделіп ІТ сынды сұранысқа ие мамандықтарға бұрылу керек. Біз өзіміз түлеп ұшқан мектеп оқушыларына соны жеткізіп, түсіндіріп, бағыт-бағдар бергіміз келді. Әрі ауыл сайтына контент дайындау арқылы оқушылар мұның алғышарттарын сезіне бастайды», - дейді ұйымдастырушылар.

Таныстырылым соңында дастархан жайылып, марқұмның әруағына құран бағышталды.

Похожие материалы