Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматы облысында өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,7%-ды құрады

Алматы облысында өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,7%-ды құрады

Алматы. 26 шілде. 7kun.kz – Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен 2018 жылдың І жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қортындылары және ІІ жартыжылдыққа арналған міндеттер туралы мәселе қаралған облыс әкімдігінің отырысы өтті, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов бірінші жартыжылдықта экономиканың барлық салаларында өсім қарқыны сақталып, 5,3 % өсім қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің өсімі 3,7 % болса, соның ішінде өңдеу саласының ұлғаю көрсеткіші 6 % құрап отыр. Жаңадан іске қосылған 23 және кеңейтілген 10 кәсіпорынның есебінен 760 жаңа жұмыс орны құрылды.

Бірақ осы кезеңде Ақсу, Қаратал Ұйғыр аудандары өндіріс көлемін құлдыратып жіберген. Сол сияқты ірі қара еті бірінші жартыжылдықта мүлде экспортқа шығарылмаған. Жоспарланған 15 мал бордақылау алаңының 2550 басқа арналған 8-і құрылса, бұл орайда Қаратал, Ақсу, Ескелді және Панфилов аудандары көрсеткішті кері тартып отыр. Сүт-тауарлы фермалар құру ісінде де жұмысты ширату қажет. Облыста әзірге ет өңдеу – 38 %, сүт өңдеу – 32 %, ал жеміс-жидек өңдеу небары – 11 %. Яғни, өңдеу саласының алдында тұрған міндет орасан зор.

«Бірінші жарты жылдың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштерде жалпы өсім бар, даму қарқыны сақталып отыр. Бірақ кейбір сылбыр әкімдердің жақсы жұмыс істейтін басқа аудан әкімдері есебінен тып-тыныш демалып жүруіне жол бермеймін. Сол үшін де осы әкімдік отырысында мен орынбасарым Жеңіс Тұяқовтан аудан, қалалардың, әр саланың бүге-шігесіне дейін талдау жасап, терең сараптама жаса деп тапсырдым. Облыстың ортақ көрсеткіші негізінен аудан, қалалар әкімдерінің жұмысына байланысты. Сондықтан осындай терең талдауды әр аудан, қала өздерінде дайындап, жұмыстың қай бағытта, қалай жүріп жатқанына жақсылап үңіліңдер», - деді А.Баталов.

Похожие материалы