Алматы. 9 қазан. 7kun.kz — Алматы облысында Сәдіқожа Мошанұлының 100 жылдығы атап өтілді. Оның құрметіне туған жері Кетпен ауылында ескерткіш ашылды. Мерейтойда Сәдіқожа Мошанұлы жазған әндерді белгілі қазақ эстрадасының жұлдыздары орындап, әннен шашу шашылды. Шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сәдіқожа Мошанұлы - жасынан әнші атанған, әрі суырып салма ақындығымен де, жыр, дастандарды жырлаған жыршылығымен де халық жадында қалған. Аз ғұмыр сүрсе де, соңына өшпес мұра қалдырған талант иесі. Жетісу өңірі әншілік мектебінің алтын уығының бірі бола білді. Оның ең танымал әндерінің бірі – «Сары бидай».
«Оның алғашқы әндерінің бірі –«Сары бидай». Оны 1968 жылы осы ауылда өмір сүріп жатқан әкемізден үйрендім. Ел қабылдай бастағаннан кейін ол кісінің қанша әні бар екенін іздестірдік. «Сары бидайдан» басқа 6 ән үйрендім. Ел жақсы көре бастағаннан кейін 1990 жылдардың басында әнші Жәнібек Кәрменов «Қазақ әндерінің» екі томдық антологиясын құрастырған. Сол антологияға Сәдіқожаның жеті әні енді», - дейді Сәдіқожа Мошанұлының туысы Құныпия Алпысбаев.
Сәдіқожа әндері халықтық дәстүрмен тамырлас болғандықтан, ел жадына тез ұялап, жатталып қалды. Ол қазақ ән өнерінің алтын қорына қосылған «Сары бидай», «Ахау, қалаулы-ай», «Ей, ахау», «Ахау, айым», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел», «Угай-ай» секілді қайталанбас әндерді өмірге әкелді. Сазгердің әндерін орындап жүрген дәстүрлі әншілердің айтуынша, оның әндері Жетісудың иірімдерімен ерекшеленіп тұрады дейді.
«Мысалы, Арқаның мектебіне Мыңғыстаудың «Жеті қайқысының», болмаса жыршылық көштегі Сыр өңіріндегі халық әндерімен салыстырып қарағанда, Жетісудың жел есіп тұратын, әннің ішкі құрылымдарынан байқауға болады», - деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев.
Сәдіқожа Мошанұлының 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтіп жатыр. Жыршының туған жерінде өткен шараға еліміздің түкпір -түкпірінен қонақтар жиналды. Мерейтой аяғы ұлттық ойындармен және Құнан, Аламан бәйгелермен жалғасты. Жалпы, жыршының артында қалған санаулы ғана ән-қазынасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін асыл мұра болып қала бермек.