Алматы. 21 шілде. 7kun.kz - Бүгін Алматы облысы Үшарал қаласының әуежайы ашылып, әуежайға Астанадан алғашқы рейспен демалушылар ұшып келді. Мұндағы ескі əуежайдан соңғы ұшақ 25 жыл бұрын ұшқан болатын. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты шарада облыс әкімі А. Баталов инфрақұрылым мен туризмді дамыту туралы айтып өтті.
«Алакөлге елімізбен қатар ТМД-дан, тіпті алыс шетелдерден де демалуға азаматтар келіп жатыр. Алакөлдің туристік потенциалы зор. Жаңа әуежайдың ашылуы туристік саланың одан әрі дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, - деді А. Баталов.
Облыстық жолаушы көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е. Жасыбаевтың айтуынша, əуежайдың құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылысын «ASD Group» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген.
Мұнда «Жетісу» авиакомпаниясы қызмет көрсетеді. Енді Үшарал әуежайы аптасына төрт рет «Астана-Үшарал-Астана» және үш рет «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағытындағы әуе рейстерін қабылдайтын болады. Бұл рейстерді субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 177,2 млн.теңге қаржы бөлінді. Атап өтсек, Астанадан ұшатын рейстің құны 16 мың теңгеден, Талдықорған рейсі 8 мың теңгеден.
Айта кетейік, Алакөл маңында туризм бағ ыты бойынша 162 нысан қызмет көрсетеді. 2016 жылы Алакөлде 452 мыңнан астам адам демалса, биылғы жылы 500 мыңнан астам келеді деген болжам жасалды.