Алматыда ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың ұлы, «ҚазТАГ» ХАА жетекшісі Әсет Матаевқа қатысты бұлтартпау шарасы қабылданды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Мырзахметов хабарлады. Бостандық аудандық соты күдіктіні 2 айға үйқамаққа алуға шешім шығарды.
Сондай-ақ, ақпараттық саясатқа бөлінген мемлекет қаржысының талан-таражға түскеніне қатысты істің жалғасып жатқаны және ол бойынша жаңа күдіктілердің пайда болғаны туралы мәлім болды.
Аталған іс бойынша ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы қызметкерлері Болат Берсебаев, Бек Арпабаев және «Қазақтелеком» компаниясының стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетәжиев айыпталуда. Сейітқазы Матаев ақпан айынан бері үй қамақта. Іске қатысты өзге күдіктілер де үй қамауында отыр. Олардың бәріне ақпараттық-жарнамалық материалдарды жариялауға жұмсалуы тиіс қаржыны жымқырды деген айып тағылған.
Сондай-ақ, осы іс бойынша Қазақстанның инвестициялар және даму жөніндегі министрлігіне қарасты байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Қазанғап және комитеттің бұрынғы басшысы Болат Қалиянбеков ешқайда кетпеу туралы қолхат берген.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) және Article 19 секілді халықаралық ұйымдар Сейітқазы Матаевтың қылмыстық жауапқа тартылғанына алаңдаушылық білдірді.