Алматы. 27 мамыр. 7kun.kz — 2019 жылы Алматыда республикалық бюджет есебінен жастарға бір бөлмелі 320 пәтер беріледі. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясы барысында мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жергілікті бюджеттің 8,6 млрд. теңгесі оңтайландырылды және өткір мәселелерді шешуге бағытталды. Қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін қосымша 2 млрд. теңге бөлеміз. Оның үстіне, биыл республикалық бюджет есебінен аз қамтылған отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйлер - екі бөлмелі 99 пәтер және жастар үшін бір бөлмелі 320 пәтер алынады», - деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, қалада «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша қолжетімді тұрғын үй салу қарқынды жүріп жатыр. Ол бюджет және жекешелер есебі арқылы атқарылуда, мемлекеттік қорда бос жатқан жер учаскесі қалған жоқ. Сондықтан жалпы алаңы 22 гектар болатын жерге 5 мың пәтер салу үшін Жас қанат ықшам ауданынан жер учаскелері сатып алынуы тиіс.
«Жергілікті бюджет есебінен бұл үйлерге 1,5 млрд. теңгеге инженерлік желілер жүргізіледі, нәтижесінде үйлер арзандайды. Ал бұл қолжетімді баспана салу үшін 38 млрд. теңге жеке инвестицияны тартуға мүмкіндік береді, яғни меминвестицияның 1 теңгесіне жекешенің 25 теңгесінен келеді», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.